Түркияға емделуге кеткен Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы белгілі болды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Ербаянның жағдайы қазір тұрақты, Аллаға шүкір. Дарігерлердің қарауында қажетті ем кабылдап жатыр. Күнделікті емдік дене шынықтыру жүріп жатыр. Ербаянның ата-анасы барша қазақ халқына және өзге жанашыр жандарға шексіз алғыс айтады. Қодауларыңызға үлкен рахмет», — деп жазылған Ербаянның желідегі парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер, құқық қорғаушы Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу дұрыс жүргізілмей жатқанын мәлімдеді. Заңгер Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге іздеу салды.
Сонымен қатар, бұған дейін депутат Нартай Аралбайұлы Мәжіліс мінберінде дүйім ел назарын тігіп отырған Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтардың жағдайына тоқталды.
«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген», — деді ол.