Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Бас прокурордың 18 қазандағы бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары С.С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е.К. Бекманов атқаратын лауазымдарынан босатылды.
Қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болуы негіз болды», — деп жазылған хабарламада.
«Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды.
Басқа лауазымдағы қызметкерлердің жауапкершілік деңгейі пысықталып жатыр», — деп жазылған еді хабарламада.
Еске салайық, Талғардағы оқиға салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
«Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Оның екеуі ас үй пышағы. Сондай-ақ бір мылтық бар. Қару ешқайда тіркелмеген. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр», — дейді Серік Шалқаров.