БАҚ-та ескі Қазақстанның белді өкілдерінің бірі, әлі де лауазымды қызметтен қол үзе қоймаған Даниал Ахметовке израильдіктерден пара алды деген айып тағылғаны жөнінде ақпарат тарап кетті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
ҚазТАГ ақпаратына сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысын тапжылмастан ұзақ жыл басқарған әкс-әкім Даниал Ахметов қорғаныс министрі болған кезінде израильдіктерден пара алды деп айыпталды. Мұндай ақпаратты Кеңес және қазақстандық әскери қайраткер, генерал-майор Тұрсын Айжұлов жариялаған.
«Кәрібжанов (Жәнібек ) ұзақ уақыт ШҚО әкімі болып жұмыс істеген жоқ. Ол жерде отбасының үлкен мүдделері тұрды, ал оларды қанағаттандыру үшін Кәрібжанов қолайлы болмады. Оның орнына Бергенев (Әділғазы) келді, ол отбасына, атап айтқанда Дариғаға жақты. Бірақ көп ұзамай оның орнын сенімді адам ретінде Даниал Ахметовпен алмастырды. Рас, ол бұған дейін қорғаныс министрі болған кезде израильдіктерден доллар алғаны үшін ұсталған.
Оны НӘН (Назарбаев) кешірді. Содан кейін кенеттен министр дәрежесінде Мәскеуге кетті, сол жерден ШҚО әкімі болып келді. НӘН кетер алдында оның әкімдік өкілеттік мерзімін ұзартқаны бекер емес», — деп келтірді басылым Айжұловтың жазбасын.
Айта кетейік, Ахметов түрлі лауазымды қызмет атқарды. Ол — Шығыс Қазақстан облысының әкімі ретінде тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ұзақ қызмет еткен әкім (2014–2023).
Бұрын Ахметов Екібастұз қалалық әкімшілігінің басшысы (1992–1993), Павлодар облысының әкімі (1993–1997), Солтүстік Қазақстан облысының әкімі (1997–1999), премьер-министрдің орынбасары (1999–2001), Павлодар облысының әкімі (2001–2003), елдің премьер-министрі (2003–2007) және қорғаныс министрі (2007–2009) болды.
Ахметов әкім ретінде Қазақстан саясатында даулы тұлғаға айналды. Қоғамда оның ұзақ жыл әкім болғанын сынағандар да табылды.