Алматының бұрынғы әкімі болған Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеубаласы, кәсіпкер Бақыт Ибрагимовтің өліміне қатысты іс тоқтатылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы Алматының Полиция департаменті Tengrinews.kz тілшілеріне айтып берген
«Алмалы ауданы полиция басқармасы бұл факті бойынша Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі (“Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу”) аясында тіркелген қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Тергеу шараларының нәтижесінде қылмыстық іс бойынша өндіріс ҚР ҚПК 35-бабының 1-бөлігі, 2-тармағы негізінде (қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты — ред.) тоқтатылды», делінген полицияның хабарламасында.
Бұл шешімді Алматының Алмалы аудандық прокуратурасымен мақұлданған.
Еске салайық, 2020 жылы Бақыт Ибрагим Жомарт Ертаевпен бірге RBK Bank-те «қаржы жымқырды» деп сотталып, 2023 жылы күзде босап шыққаны көпшілікке мәлім.
14 наурызда банкир Бақыт Ибрагим өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Бұған дейін ол Qazaq banki ірі банкін басқарып, тіпті оның акционері болған. Оқиға орын алған күні Алматы полиция департаменті қайғылы жайтты растаған еді. Сонымен қатар суицид болғанын мәлімдеді. Бақыт Ибрагимов 1985 жылы 28 мамырда туған.
Кәсіпкердің жеке өміріне қатысты мәлімет жоқтың қасы. Кей мәліметтерде оның бұрынғы әйелі Меруерт Әбдір екені айтылады. Меруерт Әбдір – Бақытжан Сағынтаевтың үлкен қызы.
Биыл 22 қазанда марқұм кәсіпкер Бақыт Ибрагимовтен тәркіленген үй сатылымға қойылды.
Шымбұлақтағы екі қабатты үй 2020 жылдың қарашасында тәркіленген болатын. Ғимаратты тәркілеу туралы қаулыны Алмалы аудандық соты шығарды.
Коттедж бұрынғы Горный, қазіргі Керей және Жәнібек көшелерінде орналасқан.
Саудаға қойылған үйді сатып алушы да табылған. Алайда сауда нәтижесі жойылған. Енді үй қайтадан сатылымға шығып, 380 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Сонымен қатар, 17 шілдеде Бақыт Ибрагимнің Шымкенттегі мүлкі мен акциялары мемлекетке қайтарылды.
Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.
Шымкент қаласының прокуратурасымен биыл I-жартыжылдықта экономикалық ресурстарды монополиясыздандыру саласында жалпы құны 5,9 млрд теңге мүлік және акциялар мемлекетке қайтарылды.
Осылайша, сот азамат Бақыт Ибрагимнің қылмыстық жолмен алған жер учаскесі мен құрылыстарды мемлекетке қайтару туралы қала прокуратурасының талап арызын қанағаттандырды.
Бағалау қорытындысына сәйкес құны 357,7 млн теңге көрсетілген жылжымайтын мүлік Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне берілді.