Олжас Бектенов баспана кезегінде тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Үкімет отырысында премьер-министр баспана кезегінде тұрғандардың қолданыстағы тізімін өзектендіру мәселесіне назар аударды.
«Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бектеновтің сөзінше, құрылыс сапасына ерекше назар аудару керек.
«Соңғы жылдары ереже талаптарының бұзылуына және құрылыс нысандарының уақтылы іске қосылмауына қатысты шағымдар саны көбейіп барады. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Жаңа Құрылыс кодексінің жобасында құрылыс сапасына бақылауды күшейту, саланы цифрландыру, сәулеттік қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешені көзделді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.