Елдос Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерінен тәркіленген мүліктің видеосы жарияланды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Кадрлардан Алматыдағы «Никольский» базарды, Алматы облысындағы фазенда аумағындағы үй және көптеген қымбат көлікті көруге болады.
Агенттік мәліметінше, ұзақ жыл бойы Қоспаевтың қылмыстық тобының мүшелері 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер учаскесі, премиум санаттағы 35 көлік және 9 миллион доллар қолма-қол ақшаны заңсыз иеленген.
«Алматы облысында Қоспаев ешқандай құжатсыз бассейні мен жаттығу залы бар сәнді фазенда тұрғызған. Онда асыл тұқымды жылқылар өсірген, жабайы жануарлардан хайуанаттар бағын ұстаған: арыстандар, аюлар және басқалары болған», — деді агенттік өкілдері.
Тергеу мәліметтері бойынша ҰҚТ-ның әрекеттерінің нәтижесінде 9,2 миллиард теңге шығын келтірілді.