Ақтауда арнайы қызмет өкілдері аймақтық әскери-тергеу басқармасының басшысы Мұхит Жавғашевті ұстады. Ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі растады. Жавғашевпен бірге оған бағынышты – аға лейтенант Асхат Сәдуақасов та тергеуге алынды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Orda.kz-ке сілтеп.
Іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 366-бабы «Пара алу» бойынша тергеліп жатыр. Ведомство тергеу құпиясына сілтеме жасап, өзге мәліметтерді жарияламады.
Басылым мәліметінше, офицерлер Қорғаныс министрлігінің қызметкеріне миллион теңге үшін қылмыстық істің оң шешімін қамтамасыз етеміз деп уәде берген. Ұстау барысында Жавғашев пен Сәдуақасовтан параның бір бөлігі болуы мүмкін деп болжанған 700 мың теңге табылған.
Ақпаратқа сүйенсек, 47 жастағы Мұхит Жавғашев бұрын атышулы жанжалға іліккен болатын. Ол ұзақ уақыт бойы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік аймақтық әскери-тергеу басқармасын басқарған. 2023 жылы оған бағынышты — бас бухгалтер Мақсат Мұқат ірі көлемде ақша жымқыру ісі бойынша сот алдында жауап берді. Тергеу мәліметінше, Мұқат 126 миллион теңгені иемденген.
«Бас бухгалтерге қатысты сот процесі кезінде күтпеген жағдай болды: күдікті көпшілік алдында Жавғашевпен бірге ұрлық жасағанын мәлімдеп, бастығы бұл ақшаны көңілдесіне жұмсағанын айтты. Мұқаттың сөзіне қарағанда, Жавғашев көңілдесімен қымбат мейрамханаларға барып, оның шетелдегі демалысын төлеп, қымбат сыйлықтар сатып алған.
Мұхит Жавғашев бұл істе куәгер ретінде өткен. Ол барлық айыптауды жоққа шығарып, бағынышты қызметкерінің заңсыз әрекеттерінен бейхабар болғанын және оған «шын жүректен сенгенін» мәлімдеді.
Сот Жавғашевтің кінәсін дәлелдейтін айғақ таппады, ал бас бухгалтерді сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
2023 жылы Жавғашев Батыс аймақтық әскери-тергеу басқармасының басшысы қызметіне тағайындалып, Ақтауға қоныс аударды.