Желіде Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың ұшқыштары мен диспетчерінің әңгімесі тарап кетті. Көлік министрлігі осы мәселеге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Қазір Көлік министрлігіне қарасты авиациялық оқиғаның себебін анықтау жөніндегі арнайы комиссия жұмысы істеп жатыр.
«Алдын ала есеп жарияланғанға дейін комиссия ресми дереккөзі жоқ, ғаламторда жарияланған дерекке түсініктеме бермейді. Комиссия ҚР заңнамасының талаптарына және ИКАО-ның 13-қосымшасының талаптарына сәйкес алдын ала есеп жариялайды. Онда тергеу барысы және тергеу нәтижесінде анықталған нақты ақпарат болады», — деп жазылған хабарламада
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.