Кейінгі кезде Қазақстанда картоп қымбаттап кетті. Бұған Сауда және интеграция министрлігі не дейді?
Министрлік мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар өнім саналатын картопқа қатысты 49 заңбұзушылық анықталған. Анықталған барлық дерек бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданатыны айтылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Министрлік не дейді?
«Сауда министрлігінің ірі сауда желілерімен өткізген кездесулерінің нәтижесінде бүгінде Астанадағы картоптың орташа бағасы 280-185 теңгеге дейін төмендеді. Сауда комитетінің мониторингі бойынша бүгінде Қазақстан бойынша картоптың орташа бағасы — 322 теңге. Елдің барлық аймағында картоптың көлемі жеткілікті және нарықтағы бағадан төмен сатылып жатыр», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы 19 қаңтарға дейін жалпы көлемі 85,4 мың тонна картоптың 23,6 мың тоннасы сатылған. Кейінгі 3 күнде шамамен 3 мың тонна картоп сатылды, оның ішінде Алматы қаласында 300 тонна, Шымкентте 600 тонна, Түркістан облысында 300 тонна және т.б.
«Бүгінгі күні тұрақтандыру қорларында 62 мың тонна картоп бар», — деп жазылған хабарламада.
Депутаттың үндеуі
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев азық-түлік бағасы шарықтап бара жатқанын сынап, Астанада 1 келі картоп бағасы 485 теңге болғанын айтты.
Ресейден картоп алып отырмыз ба?
Картоп қымбаттаған өңірлердің бірі — Ақтөбе облысы. Шенеуніктердің айтуынша, Ақтөбе облысына картоп негізінен Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Ресейден жеткізіледі. Осы себепті қойылған баға өндірушілерге байланысты болып отырғаны айтылды.
«Қазір Ресей Федерациясынан картоп шығаруға тыйым салынды. Осыған байланысты халықты қолжетімді бағада картоппен қамтамасыз ету үшін жергілікті сауда желілері мен базарға тұрақтандыру қорынан апта сайын 100 тонна картоп бір келісіне 116-119 теңгемен жөнелтіліп жатыр», — деді бұған дейін Ақтөбе облысының әкімдігі өкілдері.