Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бұған дейін «Штрафстан» ұғымын қолданғанын мойындап, бұл терминді пайдалану «дұрыс болмағанын» мәлімдеді, — деп жазады Ertenmedia.
Депутат өз пікірін президент Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында «елге әртүрлі лақап ат тағу – ақылға сыймайтын әрекет» деген сөзінен кейін күрт өзгерткен.
Перуашев жыл соңында Мәжілісте сөйлеген сөзінде айыппұлдар мен жауапкершілік мәселесіне тоқталып, үкіметтік бастамаларды сынға алып, «Штрафстан» деген сөзді қолданған еді. Ол қомақты айыппұл салу жөніндегі заң жобасын «Ақ жол» фракциясы қабылдамайтынын ашық мәлімдеген болатын.
“Шенеунік мырзалар, сіздер үшін мен ұялып отырмын. Бір рет болса да жылы кеңселерден шығып, кәсіпкердің немесе тұтынушының орнына барып тұрып көріңіздер. Сіздер әлдебір ‘Штрафстанды’ құрып жатырсыздар. Ал ‘Ақ жол’ қалыпты нарықтық экономиканы жақтайды. Біз дұрыс шешімдерге жетпейінше, қарсы дауыс береміз”, – деді ол сол кезде.
Алайда кейінірек журналистерге берген сұхбатында Перуашев «Президентпен толық келісемін» деп, мұндай термин қолдану дұрыс болмағанын мойындады.
“Елге сырттан келетін инвесторлар мен туристерді не үшін шақырамыз? Әрине, елімізді мақтау, жағымды қырынан таныту үшін. Сондықтан Мемлекет басшысының айтқаны орынды. Мен үшін сабақ болды. Әлгі атышулы терминді пайдаланғаным орынсыз болды. Ол рас. Мойындап отырмын. Өзім қолданған сөзді енді қайталамаймын”, – деді депутат.
Перуаештың күрт өзгеруіне Президент Тоқаевтың күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сыны түрткі болғандай. Мемлекет басшысы кейбір азаматтардың, соның ішінде депутаттардың да елді мазақ қылатын немесе оған орынсыз лақап ат тағатын әрекетін сынға алған.
“Елге түрлі жанама ат беру – ақылға сыймайтын қадам. Кейбір шетелдіктер жоқ жерден біздің жетістіктерді дәріптеуге тырысса, қазақстандықтардың кейбірі, керісінше, ел имиджін төмендетуде. Бұл – түсініксіз әрекет”, – деді Тоқаев.
Президент заң мен тәртіпті нығайту ісі елді келеке етуге негіз болмауы керектігін ерекше атап өткен. Сондай-ақ «мемлекеттік шараларға түсіністікпен қарау қажеттігін» айтқан болатын.
Перуашев бұл пікірге қосыла отырып, айыппұл сомасы мен құқықбұзушылық ауырлығын тең ұстау керегін ескертті.
Сарапшылар пікірінше, депутаттың райдан қайтуы елде “ішкі риториканың” өзгеріске ұшырағанын аңғартады. Мемлекеттік органдар заңбұзушылыққа қатысты ұстанымды күшейткен тұста лауазымды тұлғалар мен қоғамдық көшбасшылар да “ақылға сыйымды сөз қолдануға, өз еліне құрметпен қарауға” көбірек мән беріп отыр.