Қазақстанда 4 мыңнан астам шетелдік заңсыз таксист болып жұмыс істегені анықталған, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Наурызбай ауданының прокуратурасы еліміз бойынша 400-ден аса таксопаркті анықтады, онда 4237 шетелдік жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз, заңсыз жұмыс істеген.
Қазір Көші-қон қызметі елде заңсыз қызметті жүзеге асырған таксопарктерге де, шетелдіктерге де тиісті шаралар қабылдау туралы мәселені қарастырып жатыр.
«Бүгінде еліміз бойынша ӘҚБтК-нің 517-бабымен 346 шетелдік таксист (Алматы да 136) және ӘҚБтК-нің 519-бабымен 148 адам (Алматыда 29) шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін (таксопарктер) әкімшілік жауапқа тартылды, 112-сі қабылдау-тарату орнына (Алматы — 81) қамалды, республикадан 156 шетелдік шығарылды (Алматы — 79). Бұл жұмыс жалғасып жатыр және ерекше бақылауда», — деп хабарлады Бас прокуратура.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы такси жүргізушілерінің жағдайы қиындайтынын айтып, премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға үн қатты.
Депутаттың сөзінше, тәулік бойы тыным таппай жолаушы тасымалдайтын такси мен автобустың тізгінін ұстаған азаматтарды тәртіпке саламыз деп, Үкімет Мәжіліске заң жобасын ұсынған. Оның мақсаты — жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекет құзыретінің бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру, «СРО» құру.
«Бұған сарапшылар әуел бастан қарсы болды, Мәжілісте де талай түйреп, сынымызды дәйекпен айттық. Бірақ мемлекеттік органдар тасжолдағы қауіпсіздікті өздері ретке келтіре алмай отырып, жауапкершілікті жекеменшік ұйымға ысыра салуға бағытталған бағдарынан бас тартпай отыр», — деп сынады депутат.