Назарбаев университеті бұрынғы басшысы Шигео Катсуды сотқа бермек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Университеттің бұрынғы президенті Шигео Катсу оқу орнының қазіргі басшылығын жемқорлыққа жол беріп, басқаруда кемшілік жіберді деп айыптаған. Осыған байланысты Назарбаев университеті оған қарсы сотқа арыз әзірлеп жатыр. Іс АҚШ-та қаралмақ. Әзірге сот процесі туралы толық мәлімет жарияланған жоқ.
Шигео Катсу Назарбаев университетін 13 жыл басқарды. Ол 2023 жылдың көктемінде қызметінен кетті. Биылғы желтоқсанда Жоғары аудиторлық палата университет бюджетінің 73 млрд теңгесі тиімсіз пайдаланылғанын анықтағаннан кейін, Катсу бұл жағдайға қатысты қазіргі басшылықты кінәлаған еді.
Катсу университетке бұрынғы білім министрі Аслан Сәрінжіповтің оралуын сынға алып, Назарбаев университеті мен НИШ-ті қаржыландыратын америкалық NGF қорының да дұрыс басқарылмағанын алға тартқан.
Өз кезегінде университет басшылығы Шигео Катсудың мәлімдемелерін жоққа шығарып, мұны жұртшылықты шатастыру мақсатындағы әрекет деп атады.
«Катсу мырза өзінің басқаруы кезіндегі жіберген қателіктерін өзгелердің мойнына артқысы келеді», — деп мәлімдеді университет басшылығы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

