Адвокат Ажар Әбділ Ақтауда мүгедектігі бар 18 жастағы жігітке зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпаратты жариялады. Бұл деректі Маңғыстау облысының Полиция департаменті де растаған, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Адвокат Ажар Әбділдің мәлімдеуінше, жігіт 2024 жылдың 27 желтоқсанында ұрланып, зорланған. Жәбірленушінің анасы бірден полицияға арыз жазған.
Адвокаттың сөзінше, қажет сараптамалар әлі тағайындалмаған, ал қала орталығындағы бейнебақылау жазбалары алынбаған. Ол ақ түсті джип жігітті алып кеткені анық көрінетінін атап өтті.
«Жазбалардың екі ай сақталатынын ескерсек, оқиғаның хронологиясын қалпына келтіру қиын емес. Алайда камералар көп болғанына қарамастан, күдікті әлі анықталмаған», — деді ол.
Полицияның жауабы
Маңғыстау облысының Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы – «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
«Барлық қажет сараптама тағайындалды. Іс департамент басшылығының бақылауында. Тергеу жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, 2023 жылдың мамыр айында ақтаулық фитнес тренер өзіне қол жұмсаған болатын. Оқиға алдында оған бейтаныс адамдар шабуыл жасап, ұрлап әкеткен, соққыға жыққан, зорлап, екі миллион теңге көлемінде несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Кейін бұл іс бойынша басты айыпталушы өмір бойына сотталды.