Ресей Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлеріне магистральдық газ құбырын салуды жоспарлап отыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұл туралы 18 ақпанда жарияланған Ресей Федерациясы үкіметінің бұйрығында айтылады.
Құжатқа сәйкес, газ құбырының өткізу мүмкіндігі — 10 миллиард текше метр, ал компрессорлық станциялардың қуаты — 50 МВт.
2024 жылы шілдеде Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет солтүстік және шығыс өңірлерге газ жеткізудің екі нұсқасын қарастырып жатқанын мәлімдеген: бірі – «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын ұзарту, екіншісі – Ресей газ құбырын салу арқылы қамтамасыз ету.
Айта кетейік, 2021 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандырудың маңызы туралы мәлімдеген болатын. Газбен қамту бұл өңірлердің өнеркәсіптік дамуын жеделдетіп, оларды бизнес жүргізу және өмір сүру үшін тартымды етеді.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Украинадан кейін қазақстандықтардың бойында қалыптасқан үрей жайында айтты. Депутат Қазақстанға ешкім соғыс ашпайтынын, басқа жол табатынын айтты.
«Соғыс ашпайды. Солтүстіктегі көршіміз газ бен мұнайдың крайнигін жауып тастайды. Бюджеттің алпыс пайызы мұнайдан келіп тұр. КТК-ның крайнигін жапса, Теңіздің, Қашағанның мұнайын қайда жібересің?! Қарашығанақтың газын жауып тастаса, қайда жібересің?! Бізде табыс әкеліп отырған үш үлкен жоба бар. Екі крайникті жабады, бітті, соғыс ашып, бас қатырып керегі жоқ. Соны көп адам түсінбейді. Айтуға тура келеді. Бірінші рет айтып отырмын. «Бізге соғыс ашады, солтүстік облыстарды басып алады» дейді. Басып алмайды. Екі крайникті жабады. Бюджетіңде ақша жоқ, халқың көтеріледі сосын. Жалақы жоқ, салық жоқ, сервистік компаниялар, тамақ өндіретін компаниялар тоқтайды» — деді ол сұхбатында.