Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев борышын өтеу кезінде басынан ауыр жарақат алған мерзімді сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу қалай жүріп жатқанын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Мақсат Қазиевтің айтуынша, тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр.
«Қазір жедел тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Алайда Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу нәтижелеріне қатысты пікір білдіре алмаймыз, себебі бұл мәселе көптеген адамның мүддесіне әсер етеді. Дегенмен тергеу Бас прокуратура мен Бас әскери прокурордың ерекше бақылауында. Сонымен қатар, Ұлттық ұлан сарбаздың ата-анасымен байланыста», – деді Қазиев.
Оның сөзінше, бұл іс бойынша әзірге нақты күдіктілер жоқ.
Ербаян Мұхтар 2023 жылы желтоқсанда ауруханаға түскен болатын. Оған бес рет ота жасалды. Әскери бөлім өкілдері сарбаздың ата-анасына оның дәретханада құлап, басынан жарақат алғанын айтқан.
2025 жылы қаңтарда әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың емінің бірінші кезеңі аяқталып, Түркиядан Астанаға оралды.
Заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, Ербаян екі-үш ай елде болады. Басына жасалған отадан кейін толыққанды реабилитация бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалуы керек екен. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып, екінші кезеңдегі реабилитацияны бастайды.