Қазақстанда АЭС құрылысының орны ресми түрде бекітілді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, — деп хабарлайдыErtenMedia.
«Атом электр станциясы» ядролық қондырғысының құрылысы туралы» қаулы 2024 жылғы 30 желтоқсанда қабылданды.
«Ядролық қондырғы атом электр станциясын салу аумағы ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданын таңдау туралы шешім қабылдау», – деп жазылған құжатта.
Қаулы 25 ақпаннан бастап күшіне енді.
Бұған дейін АЭС құрылысы бойынша төрт компаниямен диалог аяқталған болатын.
«Росатом» мемлекеттік корпорациясы, KHNP (Корея), CNNC ( Қытай) және EDF (Франция) компаниялары Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енді.
2025 жылғы 21 қаңтарда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Бұл сапар тендерге қатысушылардың ұсыныстарын бағалауға бағытталған келіссөздер сериясының соңғы кезеңі болды.
Ал бұған дейін, 2024 жылы қазаннан желтоқсанына дейін Корея Республикасына, Франция Республикасына және Қытай Халық Республикасына осындай сапарлар жасалған болатын.