Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров блогерлерге қатысты мәселені көтеріп, премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Сайыровтың сөзінше, кейінгі кезде әлеуметтік желілерде онлайн лотерея ұйымдастырушылар, коуч-инфлюенсерлер тарапынан заңсыз әрекеттер жиілеген.
«Олар билеттер мен түбіртектер сатып, туристік билеттер, техника, зергерлік бұйымдар, жылжымайтын мүлік және көлік сату деген желеумен заңсыз лотерея ойындарын өткізеді. Мұндай гивтер, күмәнді акциялар заңсыз деп саналады. Былтыр лотереяларды заңсыз ұйымдастыру және бағалы сыйлықтар ұтысы бойынша 106 дерек анықталды. Құқықбұзушыларға жалпы сомасы 46 миллион теңгеден аса айыппұл салынды», — деді депутат.
Депутат Қазақстанда әлеуметтік желілер ақылы курстардың, тауарлардың, қызметтердің, дүкендердің, кафелердің жарнамаларын жасайтын инфлюенсерлер, коучтар пайда болғанын жеткізді.
«Кейбіреулері әлеуметтік желілерде үнемі сән-салтанаты келіскен өмір салтын көрсетеді, қымбат виллалардың, суперкарлардың және басқа да суреттер жариялайды. Осылайша қоғамға еңбек етпей, оңай ақша табуға болады деген ой салады. Ал Қаржы министрлігінде осы азаматтардың тиісті салықты төлеуіне қатысты заңды сұрақтар бар. Салықты барлығы төлеуі керек. «Заң қатал, бірақ бұл — заң» принцип барлық азаматқа қатысты! АҚШ, Ұлыбритания және Қытайда контент авторлары өз қызметінен түскен табыстан салық төлеуге міндетті. Бұл елдердегі салық ставкалары 40% жетуі мүмкін», — дейді ол.
Сондай-ақ, Сайыровтың пікірінше, демократиялық елдердегі салық мәдениеті — құқық пен заңның маңызды бөлігі. Ал АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Жапонияда, Қытайда ең ауыр құқықбұзушылықтардың бірі салық төлемеу деп саналады.
«Қазақстандық инфлюенсерлер — қоғамның ағартушы бөлігі, өздерінің беделі мен талантының арқасында олар үлгі болуға тиіс. «Онлайн платформалар туралы» заңға сәйкес табыс табатын инфленсерлер кәсіпкер ретінде тіркелуге, өз парақшасындағы жарнамаларды белгілеуге міндетті», — деді ол.
Осыған сүйене отырып, депутат мынадай ұсыныстар жасады:
1. Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау мәселесі бойынша блогерлер арасында кең түсіндіру жұмысын ұйымдастыру;
2. Инфлюенсерлердің кірісін кәсіпкерлік қызметке жатқызудың нақты критерийлерін әзірлеу;
3. Заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін әлеуметтік желілерде ұтыс ойындары өткізілуіне бақылауды күшейту.