Қанат Шарлапаев Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Мемлекет басшысының жарлығымен Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», — деп жазылған хабарламада.
Қанат Шарлапаев 1981 жылы Ресей Федерациясында туған. Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін, Крэнфилд менеджмент мектебін (Ұлыбритания) бітірген. Мамандығы бойынша экономист, қаржы және басқару магистрі.
- Еңбек жолын 2003 жылы Ресей Федерациясының Петрокоммерц банкінің Клиенттерді басқару басқармасының менеджері болып бастаған.
- 2006-2008 жылдары «Сити» инвестициялық банкінің Лондон (Ұлыбритания), Прага қалаларындағы (Чехия) Қаржы департаментінде маман болып жұмыс істеген.
- 2008-2014 жылдары «Сити» инвестициялық банкінің (Ұлыбритания) нарықтағы акциялар жұмысы жөніндегі өңірлік дивизионының аға талдаушысы, вице-президентінің көмекшісі, вице-президенті болған.
- 2014-2015 жылдар аралығында Ұлыбританияның «Сити» инвестициялық банкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша Стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті лауазымын атқарған.
- 2015-2017 жылдары Қазақстанның Сити банкінде бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті болған.
- 2017-2020 жылдар аралығында Ресей Федерациясының «Сити» инвестициялық банкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті болып жұмыс істеген.
- 2020 жылы «Сити» инвестициялық банкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры лауазымына тағайындалған.
- 2022 жылғы ақпаннан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарған.
- 2023 жылғы 4 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалды.