Талдықорған әкімі Ернат Бәзіл мемлекеттік тұрғын үй қорын тексеруге қатысты «шеберлік сабағын» өткізіп, пәтерлерді түгендеу кезінде біраз былықтың беті ашылған, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Анықталған 330 мемлекеттік пәтердің 284-інде заңбұзушылықтар тіркеліп, тұрғындарға ескерту жасалды. Соның ішінде 27 пәтерді мүлде босату талап етіліп, төрт тұрғынның үстінен сотқа арыз берілді.
Мемлекет тарапынан берілген баспананы өздері тұрмай, жалға беріп, табыс көзіне айналдырғандар жетіп артылады екен.
Әкімдік жүргізген рейд пәтерді жалға беріп, көлеңкелі табыс тауып келгендерді әшкереледі. Мұндай әрекет мемлекеттен берілетін әлеуметтік тұрғын үйдің түпкі мақсаты мен философиясына қайшы келеді.
Себебі бұл баспаналар әлеуметтік осал топтарға, мұқтаж азаматтарға қолдау ретінде бөлінген болатын.
Қазір 10 тұрғын жалдау шартын заңға сәйкес реттесе, 47 пәтер бойынша жағдайды заңдастыру рәсімі басталған. 20 азамат пәтерді заңдастыруға өздері өтініш берген.