Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Құжатта:
- тарихи-мәдени мұраны сақтау, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;
 - археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;
 - тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;
 - қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;
 - археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;
 - мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;
 - қаланың бірыңғай келбетін, сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;
 - тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;
 - мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;
 - туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.
 

		