АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі жеделдетіліп жатыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Бұл жөнінде ресми мәлімдемелер жасалған жоқ. Алайда жабық кездесулер барысында Трамп пен Путин саммиті талқыланып жатыр. Бұрыннан мүмкін болған бұл кездесу қазір жедел түрде ұйымдастырылып жатыр», – деп жазылған CNN ақпаратында.
New York Times басылымының деректеріне сәйкес, Трамп бүгін Украинаға көмекті тоқтату мәселесін талқылау үшін жиын өткізеді. Кездесуге мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен қорғаныс министрі Пит Хегсет те қатысады. Жиынның мақсаты – Украинаға қатысты саясаттың түрлі нұсқаларын қарастырып, нақты шешімдер қабылдау.
Ақ үйдегі Зеленский мен Трамптың дауынан кейін Мәскеудің көңілі жайланған секілді. Себебі Украина президенті Владимир Зеленский Трамппен және оның командасымен жанжалдасқаннан кейін Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі күрделі келіссөздер екінші орынға ысырылып, оның орнына АҚШ пен Ресей арасындағы бірқатар экономикалық келісімге басымдық берілуі мүмкін.
«Бұл келісімдер қазірдің өзінде жабық есік жағдайында талқыланып жатыр», — деп жазылған мәліметте.
АҚШ пен Ресейдің құпия келіссөздері
Бір ай бұрын Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында АҚШ пен Ресей арасындағы әдеттен тыс келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті. Онда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров келіссөз жүргізген. Бұл процестен Украина шеттетілді. Қазір келіссөздердің екінші кезеңін өткізуге дайындық жүріп жатыр, ол жақын арада қайтадан Парсы шығанағы елдерінің бірінде өтуі мүмкін.
Айта кетейік, 28 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Келіссөздер барысында Украина президенті АҚШ вице-президенті Джей Ди Венспен, кейін Трамптың өзімен де келіспей қалды.