Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті. Заң жобалары туралы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева баяндады.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев заң нормаларын талқылау барысында болашақта жасанды интеллекті кейбір қазақстандықтардың жұмысынан айырылуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Жасанды интеллект – прогрестің қозғаушы күші, сондықтан оны тиімді реттеу – біздің міндетіміз. Бүгінде көптеген саланы жасанды интеллекттің көмегімен басқаруға болады. Дүниежүзілік экономикалық форум мен банктердің зерттеулері бойынша бүкіл әлемде жасанды интеллект шамамен 90 миллион жұмыс орнын алмастырады. Бұл үрдіс бірнеше жылдан бері зерттеліп келеді және еңбек нарығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін», – деді депутат.
Сондай-ақ, Бейсенбаев жұмыссыздық деңгейінің арту қаупін көтерді.
«Қазақстандағы жұмыссыздықтың нақты деңгейі 12-13 пайыз болады, бұл шамамен 1 миллион адам. Егер кейбір салаларда жасанды интеллекті енгізілуі жұмыс орындарын қысқартуға әкелсе, жағдай күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан заң жобасында бұл мәселелерді ескеріп, нақты шешімдер қарастыру қажет», – деді мәжілісмен.