Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу қандай қаражат есебінен қаржыландырылады? Бұл сұраққа ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Вице-министрдің айтуынша, АЭС құрылысы кез келген басқа коммерциялық жобамен бірдей жүзеге асырылады.
“Алдымен жеткізуші анықталады, содан кейін жоба құрылымы жасалады. Жобаның өзі, қолданылатын технологиялар мен құны нақтыланады. Қазір бұл мәселелер ашық күйінде қалып отыр, өйткені түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Қашан белгілі болады, сол кезде қаржыландырудың қай көзден бөлінетінін нақты айта аламыз”, – деді Қасенов.
Оның айтуынша, шетелдік жабдықтар қолданылған жағдайда экспорттық-несиелік агенттіктер арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады.
“Мысалы, сіз Қытайдан жабдық сатып алсаңыз, оны қаржыландыратын Қытайдың “Эксимбанкі” бар. Германияда мұндай агенттік – “Гермес”, ал АҚШ-та – “Эксимбанк”. Олар әлеуетті қаржыландыру көздері бола алады. Сонымен қатар, халықаралық даму институттары да қаржыландыра алады,” – деді вице-министр.
Қасеновтың айтуынша, энергетика саласындағы жобалар инвесторлар үшін де қызық ұсыныс саналады.
“Жалпы әлемде электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобалар төмен тәуекелді болып есептеледі. Сондықтан бұл жобаға қаржы тартуда ешқандай күмән жоқ әрі қаржыландыру тиімді шарттармен жүзеге асырылады,” – деп түйіндеді вице-министр.