Қожайыны бәкене болғанда ергежейліні еске түсіретін, ұртына су толтырып алғандай бет-жүзі дөңгеленген «Кортизол» (Кортизол гормоны көп бөлінетін адамдардың беті дөңгеленіп кетеді дегенді бір жерден оқып қалған еді), не күлейін тұрғанын, не жылайын деп тұрғанын ажыратып болмайтын, көзінен қандай жан екенін тану қиын адам. Дегенмен, осы күлейін деп тұрғаны да, жылайын деп тұрғаны да көз алдына міскінді әкелетін еді. Басының үлкендігі қортық денесімен сәйкес келсеші, тіпті, бұл кемшілігін жасыру үшін қалпақты бастыра киіп алған. Ол қалтарыс-бұлтарысы көп шытырманға бастады — бір-біріне жалғап сала берген барак тәрізді жатақхананың қуыс-қуысына күн түспейді, ызғар кеулеп алған. Ту сыртынан біреу қарап тұрғандай жотасы шымырлады. Төбесі қаңылтырмен қалқаланған тар дәліздің күн сәулесінің тек елесі «сыз берген» түкпіріндегі жалғыз бөлме алдына барып бір-ақ тоқтады. Есікті екі бұрап ашқан бетте көгерген әлдененің исі мүңк ете қалды. Дым шалып, сылағы түскен, құрғақшылықтан табаны тартылған көлді еске түсіретін — бояуы шыт жарылған жалғыз терезесі бар бөлменің бір бұрышында тот басқан жалғыз керует, газ плитасынан басқа мүлік жоқ. Қызған майға ет қуырғанда шашыраған майдан, жабысып қалған сағыздан, төгілген тәтті сусындардың қағынан шаңмен араласып, қарайып кеткен еденді де елемегінсіді. Бұл Кортизолмен бірден бір айға қолма-қол ақшамен алдын ала есеп айырысқаннан кейін барып қолына кілтті ұстатты.
ІІ
Тоңазып әрі торығып біраз тұрды. Мына бөлме қашқындарға арналған жер секілді. Қашып келіп тығылатын жер секілді, ешкімге таптырмайды әрі сонысымен қорқынышты. Осы бөлменің тұтқынына айналғандай, енді мына қуыстан өмір бойы шыға алмайтындай екіұдай сезімнен арыла алмады. Кімнен қашады? Сілікпесін шығарған қу тірліктен бе, өзінен бе, оны ұғып жарытпады… Ол тамақ иісі мен көгерген сыз иісі сіңіп қалған, шаң басқан матрасқа құлағаны сол еді, есікті қаққан дыбыстан басын көтеруге мәжбүр болды. – Есік ашық, деп айтып ауыз жапқанша Кортизолдың қазанбасы алдымен көрінді. – Ескертіп қояйын, — деп кінәлі адамдай кібіртікпен бастаған ол кенет даусын қатайтып: — Ешқандай қыз-қырқын!… Жалпы қонақты қаптата берген болмайды. Не айтқым келгенімді түсінген шығарсыз… Мен өзім Құран, Інжіл оқитын адаммын… Ата-бабаны құрмейттеймін… Түсінген шығарсыз… деді шегелей қайталап. Бұл одан құтылғанша асық болып, басын изей салды.
ІІІ
Бөлмені ретке келтіруді ойлап жатып, көзі ілініп кетіпті. Бірден түс көрді: көп қабатты үйдің ызғар кеулеген подьезімен өз-өзін сүйрегендей зілқара тасқа айналған аяғын әрең икемге келтіріп, көтеріліп келе жатыр екен дейді… Бір қызығы, тек шет-шегі көрінбейтін қуысқа кіріп кеткендей бірде-бір пәтері жоқ үңірейген подьезде баспалдақпен әлі көтеріліп келеді. Әлденуақытта барып, қарсы алдынан дермантинмен қапталған есік шықты. Тым-тырыс, бойын үрей билеп, жұдырығын түйіп, төмпештей жөнелгені сол еді… есік ары, шалқасынан құлады. Төңіректі алып кеткен шаң-тозаңнан мұрнына әктің қышқылтым иісі келді. Шаң сейілгенде барып, бөлменің қақ ортасында тұрған пианионы көзі шалды. Жанына жақындағанда барып, оның табыт екенін байқады. Қақпағы ашық табыттың іші зығыр майы түстес лай суға толып кеткенін аңғарды, сол лай суда тақырбас өлікті көрді, ісініп, көгеріп кеткен, бітеу майлы бүйректердің қалқып жүргенін көрді… Көрді… Көзін ашқанында зілмеауыр денесін жылбысқа, суық тер басып кеткен екен, түсін қанша жерден жақсылыққа жорымақ болса да қараңғылық оқпанына жұтылып, үрейге бой алдырған санасы ырық бермеді. Ес-түсі қашып, екі млн халқы бар қаланың шетіндегі тау қуысына тығылған мына мекенін жатсынғаннан шығар осындай жағымсыз түс көргенім деп жұбатты өзін.
ІҮ
Атып тұрып, тысқа шықты. Кортизол әлі кетпепті. Барак тәрізді жатақхананың арғы жағынан асыға басып шығып келеді… Кең-мол «пішілген» терісімен, денесімен алма-кезек алысып келе жатқандай… ұмар-жұмар домаланып төменде (бұл маңға көлік шыға алмайды) қалған көлігіне бет алды. Мызғып алды деген аты, қалғып кетіп қас-қағым сәтте жайсыз түс көргені бар… одан қалды қалың ұйқыдан тұрғандай денесі зіл тартқаны бар, сәл ісінген беті-қолын шаятын су іздеп, Кортизол баракка бастап келе жатып, быртиған сұқ саусағымен нұсқап, жолай көрсетіп кеткен төменіректегі қалайы башокқа беттеді. Онда жиналған жауын суынан өзге бұл төңіректе шамалауынша су жоқ. Ерінбеген етекке түсіп, баклашкамен ішетін суын мықшыңдап таситын еді. Ол үшін сайды құлдилауға тура келетін. Таяқ тастам жерге жарты күніңмен бірге жарты ғұмырың кетеді, сайды қуалаған айналма жол бәрібір еңбегіңді еш, тұзыңды сор етеді. Башок түбінен жалғанған шүмекті ағытып, қанжылым суға бетін шайды. – Борсып кеткен суды қайнатып ішпесең, ішің ауырады, — деген жігерін құм етер жасық дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Ешкім көрінбеді. Ұшқаттың аржағынан шыққанын бажайлағанымен, бәрібір елеңдеп қалды бұл. – Төменірек түс, — деген жабырқау шыққанымен әмірлі естілген дауыстан, неге екені белгісіз, жүрегі атқақтады. Ал төменде… жауын суынан қазыла-қазыла тамырлары адырайып жер бетіне шығып кеткен, сарғайып саржағал тартқан, қурай бастаған қарағайдың түбінде Ол семсерлесу алдында қаруын төмен түсіріп, төрешінің жарысты бастауға беретін әмірін — иек қағуды күтіп тұрғандай тұрысы әрі маңғаз еді. Жансыз мүсін секілді қыбыр етпей көзінің астымен мұны бағып, қалт жібермей қадағалап тұр… сүлдері құрығандай… жүдеп тұрған күйі тура қарамады, ұзын кірпіктері қамасып, селт тұр. Осы позасы өзіне ұнайтын секілді. Бұл тұрысында жауап күту де, дер кезінде әрекет етуге іштей сақадай сай әзірлік те байқалып еді. Бұл көзін тайдырып әкетті… Тайдырып әкетті де төменге көз салды. Төмен етек түгел шырғалаң. Бұл шырғалаңды кешу мүмкін емес еді. Кешу былай тұрсын, қарға адым жерге қадам басудың өзі мұң. Бөргезге бөккен беткейден қолсозым жердегі қалаға төте түсу мүмкін емес. Алып шаһардың төбесінен төнген бұл үйлер етектен қарағанда жолындағы жота-төбе, тау сілемдері қалқалап, көрінбейді. Қала үстінен кілкіген ыс пен түтіннен қиыр шеттегі зауыт-фабрикалардың, жылу стансаларының мұржалары ебедейсіз «бой асыра» сорайып кеткен екен. Етекте – Алматы!
Ү
Екеуі бір-біріне барлай қарап, бірқыдыру тұрды. – Сені сыртыңнан көріп қалдым, деп бейтаныс алдымен тіл қатты. Даусы жер астынан шыққандай құмығып, адамның ерік-жігерін құмға айналдыратындай көрінді. «Қайдан келдің?» деген сауалы «Бұл араға қайдан қаңғалақтап келе қалдың?» дегендей естілгені, бұл жаңсақ ұқпаса… Екеуі түрегеп тұрған күйі бірқыдыру тілдесті. Екеуіне ортақ таныс — осы барактың қожайыны туралы білгісі келгенімен бейтаныс маңдытып ештеңе айта қоймады, тек бір анығы – жігіттің жамағайыны болып келеді. Ал көліктің рулін айналдырғанда қортық денесі бірге айналатын Картизолдың тек осы туысы туралы мына қуысқа әкеле жатып айтқан сөзіне қарағанда, жұмбақ жас жігіт әкесінің қайда екенін білмейді, бес жасында шешесі мұны тастап, қылтамақтан кетіп қалған. Барар жер, басар тауы жоқ жігітті Картизол қолына алғанымен кейін қаладан пәтер алған соң мұны осы баракка әкеп тастаған. Әп-сәтте күн райы бұзылды. Төңірек әп-сәтте күгірт тартып, мұрнына сыз иісі келді. Сол сол екен, қарсысындағы бейтаныс жігіттің төбесінде жай ойнап, бұлт бүрікті – алдымен тысырлап басталған жауын дем арасында қалың нөсерге ұласты. Бұл баракка жүгіре басып кетіп бара жатып, көз қиығымен бейтаныстың жауын астында тас мүсін секілді кеудесіне қолын айқастырған күйі әлі тапжылмай тұрғанын… сол көзге көрінбейтін төрешінің иек қағуын күтіп тұрғанын байқап қалды. Бұл кезде қалың нөсердің арты тобықтан келетін кішігірім селге ұласып еді.
ҮІ
Тышқан исі сіңіп қалған, тоз-тозы шығып қалған көрпені иегіне дейін қымтанып бірталай жатты. Ойынан семсерлесу үшін қарсыласын бағып, қамасқан ұзын кірпіктерін төмен салып, селт тұрған жас жігіт кетпей қойды. Қанша ойламайын десе де… әлдебір тылсым тынысын тарылтып, сыртқа атып шықты. Қалың нөсерден кейін аспан шайдай ашылған екен. Бітіп тұрған құлағы кенет ашылып кеткендей немесе көз алдын көлегейлеген шымылдық сыпырылып түскендей бәрі өз орнына келіп, көңілі жайланды. Шалқайған кемік айға қабағын кере қараған бұл барактың арғы түкпірінде тарсыл-гүрсілді естіді. Естіді де солай қарай беттеді. Шалқасынан ашық есіктің арғы жағынан алдымен жоңқаланған жас ағаштың да, қаңсыған ағаштың да ию-қию иісінен шағын жиһаз цехы екенін ажыратты: түкпірінде тау төбе ағаш табыт рет-ретімен жиналған, станок қойылған бөлмеде белуарына дейін шешінген екі жігіттің шам жарығымымен жаныға жұмыс істеп жатқанының үстінен түсті. Есік көзінде тұрған мұны алғашынды ешқайсысы байқамады. – Іске сәт! деп дауыстағаннан кейін барып бұған мойын бұрды. Бұл амандасу үшін қолын ұсынғанымен екі ұрты торсықтай, ал самайына пышақ жанып алғандай тек терісі ғана сүйегіне жабысып, алайған, адырайған көзіне қайғылы реңк берген, мықыны ашыған қамырдай ышқырынан төмен салбырағаны ыржиып күлді… Мұның ұсынған қолын алмады. – Сен қайдан шықтың? – олжаға кезіккендей, жо-жоқ, дәлірегі, жемтігін тапқандай жылт еткен қуанышын жасыра алмай, мүләйімси тіл қатып, өтірік таңданған болды. Мұның ұсынған қолына алақанын жалата салған екіншісі тізе бүгіп, шылым тұтатты. Бұған тұнжырай, көзінің астымен сынай-міней қарағаны алдымен тіл қатты: — Қайда істейсің, деді. Сонсоң қақырынып, табанының астына шырт түкірді. – Еш жерде… деп мұрын астынан міңгірлеген болды бұл. – Қолыңнан не келеді? – деп сауал қойғанымен мұның жауабын күтпей: — Көріп тұрсың ғой, тапсырыспен жұмыс істейміз. Мынаны ертеңге дейін істеп бітіруіміз керек, деп жартылай бітпеген есікті нұсқады. — Қожайын ертең алып кетеді, — деп, нығырлап қойды. Есіктің бітпегеніне бұл кінәлідей жазғыру бар даусында. Шылымын шегіп болған ол арбиған бойын тіктеп еді, өзінен бұрын көлеңкесі зорайып, мұның мысын басып тастады. Кенет: — Е, мля-я, не үшін келдің мұнда?, — деді даусын өзгертіп. – Жай, әшейін… – кетпек болып кері бұрылғаны сол екен, шиқылдай күлген торсық ұрттысы: — Жейтін не бар, қазір барамыз, — деді. Бұл қаңғалақтап кеп қақпанға түскендей бойын шарасыздық биледі, дүлей, қорқау, меңіреу күшпен бетпе-бет келгені санасына енді жеткендей… ауыр жүктің астында тұрғандай тізесі сәл бүгіліп, өзін адамның қоры сезінді.
ҮІІ
— Күндізгі қалың нөсерден кейін тау іші салқын тартқан. Жартыкеш ай жап-жарық. Жартыкеш айдың мұншалықты жарық шашатынын алғаш рет көруі. Бойы тоңазып, барактың түкпіріндегі бөлмесіне асыға басып бара жатыр еді, екі мама ағаштың арасын жалғаған сом темірге тартылған алғашқы танысын көрді. Турникке тартылған сайын қоладан құйылған мүсін секілді мәрмәрдай сымбатты денесін ұршықша иіріп, асықша атып, шыркөбелек айналған одан көз айыра алсашы. Бұның бар-жоғын елемеді. Бұл қараптан қарап ыңғайсызданды. Мына жігіт кім өзі? Цехтағы жігіттермен неге араласпайды? Неге бұл оқшау, саяқ жүреді? Неге жамағайынынан ірге ажыратып, өз тірлігін істемейді? Цехтағы көксоққандар неге жүр мұнда? Мұның өзі мына таудың қуысында не істеп жүр? деген сауалдар мазасын қашырды. Осы жердегілерді былай қойғанда өзінің не үшін осында жүргенін, не іздеп келгенін, таудың қуысына неге тығылғанын түсіндіріп бере алмады. Жартыкеш ай астында состиып, мына тұрысының сөлекет екенін ойлап, кетуге оқталғаны сол еді: — Тоқташы? деген құмығып шыққан үннен еріксіз аялдады. – Білем, сенің не ойлап тұрғаныңды? – деді кенет бейтаныс сәуегейлік танытып. Турниктен қара жерге дік етіп қарғып түсті. – Саян, — деді қолын ұсынып. Танысуға асыға қоймаған бұның көзіне тура қарап еді, бұл жүзін тайдырып әкетті. Сен… – деді сосын аз-кем кідіріп: — Сен анау жігіттерден абайла…- деп цех жақты нұсқады. — Қорқыттты деме, ескерткенім. Олар күні үшін жүргендер… Барар жер, басар тауы жоқ сормаңдайлар. Қожайынның тапсырмасын орындап ішіп-жемін табады… Айтпақшы, тағы тегін тұрады, — деді артынша. Өзімсіне іштарта тіл қатқан жігіттің тым аққұба жүзі ай астында қуқыл тартып кетіпті. Семсерлесу үшін қарсыласын күткендей жүзін төмен салды… Аузына шырын дәмі келгендей жүрегі лоблыды мұның. – Күресейікші, деді әй-шәй жоқ, басын көтермеген күйі. Даусы сәл дірілдеп, өтінгендей болды. Бұл басын шайқады. – Білесің бе, ана-а-ау Алматыда… – деді ол басын көтеріп, түн қараңғылығында шоқтай жайнап жатқан алып шаһарға көз тастап. – Алматыда бір көше бар… Жо-жоқ, сен ойлағандай, ол Фараби даңғылы емес, сен ойлағандай, Есентай жақ емес, ол басқа көше, онда адамдар… басқаша… Онда көбіне ауылдан жұмыс таппай қалаға қаңғып келгендер жүреді. Аяқтарынан сыз өткеніне қарамай қытайдың арзанқол аяқ киімін киеді. Көбінесе сән қуғандары туфли киеді саршұнақ аязда… Ертең олар қайтып ұрпақ өрбітеді?– жұмбақ жігіт мұның жүзіне, кенет, сыр тарта барлай қарады. Мұның өзі де талай рет шыңылтар аязда шытынап ұшқан шыны секілді жалт-жұлт еткен қаладан пана таппай осында келді емес пе – тұла бойы шымырлады әрі денесі бір ысып, бір суыды. Кенет, мына жұмбақ жігітке деген құлын мүсін болып құйылып түскен ағыл-тегіл, айқара сезім пайда болды. Тамағы құрғап, еріксіз жұтынды. Іштей қуыстанып, көзінің астымен ұрлана қарап еді, анау қаперсіз. Не ашылып сөйлесудың ыңғайын таппай, не кетіп қалудың жөнін таппай… қызық дилеммадан мәңгіріп тұрып қалды. – Сол көшеде… – деді жұмбақ жігіт сөзін жалғап: — Ауылдан үмітпен келген жастар дірдектеп жүрген сол көшеде… не қазақ екені, не басқа ұлт екені белгісіз, жас шамасы алпысты алқымдаған егде кісі итін серуендетеді. Жыл мезгіліне қарай талғаммен киінетін қартаң кісі бас кезінде бульдог жетектеп шығатын. Кейін питбул асырады. Ырсиған езуінен қызыл иегі мен сарғайып кеткен азу тістері ақсиған питбулге жақындауға ешкімнің дәті бармайтын… Мына сормаңдайлар да қарғыбау таққан жыртқыш тәрізді… Түсімде езуі қан-қан питбул көрдім, деді сонсоң күрсіне жұмбақтап. Мені тастап кетпеші, деді кенет даусы дірілдеп. – Білемін, сенің де барар жерің жоқ. Сен де қаңғып жүрсің. Тек осы жерден кетпеші, жанымда болшы,- деді ол аңтарыла қараған бұған…
(жалғасы бар)
Алмат Жалғабай, жазушы.