Астана әкімі құрылыс компанияларына ескерту жасады, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қаланың дамуында маңызды аспект — құрылыс компанияларының тұрғын үйлерді сапалы әрі заңды салуы. Дегенмен оны бәрі бірдей ұстана бермейді. Мәселен былтыр 431 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, 600-ге жуық заң бұзылғаны анықталды. Алты компания құрылыс лицензиясынан айырылды, сол сияқты заң мен құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 180-нен аса талап-арыз сотқа жолданды. Жерге қатысты тиісті құжат алмай құрылысы басталған төрт нысан сот шешімімен бұзылды», — деді ол.
Әкімнің сөзінше, бұл жұмыстың барлығы биыл да жалғасып жатыр. Жеңіс Қасымбек бірқатар талапты атады:
- Құрылыс компаниялары қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтауға тиіс.
- Құрылыс-монтаждау жұмысы тек құрылыс нормалары мен стандарттарына сәйкес жүргізілуі қажет.
- Құрылыс жүргізу және монтаждау барысында орындалатын жұмыстардың арнайы бекітілген жобалық құжаттама мен стандарттарға сәйкестігін үнемі тексеріп отыру қажет.
- Жауапты тұлғалар орындалатын операциялардың қауіпсіздік талаптарына толықтай сәйкестігін қадағалай отырып, материалдардың сапасы мен технологияларға сәйкестігін бақылауы керек.
- Энергияның тиімділігіне, сондай-ақ, тазалыққа, оның ішінде құрылыс қоқыстарын шығарудағы стандарттарды сақтауға ерекше назар аудару қажет.
- Қоқысты арнайы жабдықталған полигонға шығару керек. Оны рұқсат етілмеген орындарға төгіп, сол арқылы қоршаған орта мен елорданың келбетіне зиян келтіруге болмайды.
«Заң бұзылған жағдайда құрылыс компаниялары жауапкершілікке тартылады, оның ішінде айыппұл салу, қызметін тоқтату және заңсыз салынған нысандарды бұзу мәселелері қарастырылған», — деді Жеңіс Қасымбек.