Наурыздың 18-і күні Өскемен мен Риддер қалаларында Ұлттық киім күніне арналған думанды шаралар өтті. Бұл мереке қазақтың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеуге арналды,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Өскемен қаласындағы Республика алаңында тігілген бас киіз үйде жергілікті шеберлердің ұлттық киімдер сән көрсетілімі өтті. Қазақы нақышта безендірілген ерекше үлгілер қала тұрғындарының қызығушылығын оятты. Шара барысында дәстүрлі киім үлгілері мен заманауи сәннің үйлесім тапқан жаңа топтамалары ұсынылды. Келген қонақтар қазақ мәдениетінің бай мұрасын бейнелейтін ерекше қолөнер туындыларын тамашалады.
— Біздің басты мақсатымыз – ұлттық киімнің тек өткеннің бір бөлшегі ғана емес, күнделікті өмірде де киюге болатын сәнді үлгі екенін көрсету. Біз дәстүрлі ою-өрнектер мен пішімдерді сақтай отырып, оларды заманауи стильге сай бейімдейміз, — дейді дизайнерлер.
Ал Риддер қаласында өткен «Этно Fashion Show» байқауы да көпшіліктің назарын аударды. Байқауға қатысушылар қазақтың дәстүрлі киімін жаңаша үлгіде ұсынып, тарихи ерекшелікті қазіргі сәнмен үйлестіре білді. Мәдениет сарайында өткен шараға әртүрлі ұйым өкілдері қатысып, қазақ халқының болмысын айқындайтын киім үлгілерін паш етті.
— Әрбір киім – бұл маталар, кестелер мен пішім арқылы баяндалатын тұтас бір тарих. Біз үшін ата-бабамыздың мұрасын сақтау ғана емес, оны жаңғыртып, заманауи өмірге бейімдеу де маңызды, — деп бөлісті модельерлер.
Байқауға қаланың қоғам белсенділерінен құралған қазылар алқасы бағасын берді. Киімдердің тек дәстүрге сай келуі ғана емес, олардың ерекшелігі, сәндік үйлесімі және орындалу сапасы да ескерілді. Әсіресе, образдың әсемдігі мен жарасымдылығына мән беріліп, қазақы нақышты айқын жеткізген қатысушыларға қосымша ұпай берілді.
Шараның шарықтау шегі – финалдық сән көрсетілімі болды. Подиумда ұлттық киім үлгілерін киген нәзік жандылар жүріп өтті. Кеш соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.