Сенат депутаттары жаңа Салық кодексін екінші оқылымда талқылап, бірнеше маңызды өзгерістер енгізу үшін заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды. Бұл туралы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.
Сенаторлардың айтуынша, қазіргі ұсынылған заң жобасында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етуі мүмкін кейбір кемшіліктер бар. Сондықтан Сенат бірнеше маңызды түзетуді талап етіп отыр.
Соның ішінде шаруа және фермерлік қожалықтарға (ШФҚ) арналған жеке табыс салығын (ЖТС) прогрессивті шкаламен енгізу ұсынылды. Егер ШФҚ табысы 230 мың АЕК-тен асса, ЖТС ставкасы 15 пайыз болмақ. Бірақ қазір қолданыстағы 70 пайыздық жеңілдікті ескергенде, нақты ставка 4,5 пайызға тең болады.
Сондай-ақ, KASE және АХҚО (МФЦА) арасындағы салық теңсіздігін болдырмау мақсатында Сенат депутаттары KASE биржасында сатылатын бағалы қағаздар бойынша төленетін дивидендтерді ЖТС-дан босатуды ұсынды.
Сонымен бірге, төлем карталары арқылы жасалатын операцияларды ҚҚС-тан (НДС) босату сақталады. Бұл транзакция құнының өсуіне жол бермеу үшін маңызды.
Мүгедектігі бар кемінде 10 қызметкері жұмыс істейтін кәсіпорындардың сататын тауарлары мен қызметтері ҚҚС-тан босатылады. Отандық мерзімді баспасөз өнімдеріне ҚҚС ставкасы 10 пайыз болып бекітілмек.
Бірақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатуға қатысты ҚҚС босатуының күшін жою ұсынылды.
Сонымен қатар, қымбат көліктер, кемелер мен ұшақтар сияқты сән-салтанат тауарларын сатуға акциз енгізу қарастырылуда. Акциз тек ел ішінде сатылған немесе импортталған тауарларға қолданылады. Бұл салықты бағасы 75 млн теңгеден асатын автокөлік иелері мен бағасы 100 млн теңгеден асатын кеме мен ұшақ иелері төлеуі тиіс.
Бұдан бөлек, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша операциялардан түсетін табысқа қатысты резидент емес инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктер сақталады. Бұл капиталдың елден кетуіне жол бермеу үшін қажет.
Сондай-ақ, камералдық бақылау хабарламаларын орындамаған жағдайда, электронды шот-фактураларды беру уақытша тоқтатылатын болады.
Жеке тұлғалар үшін азаматтық-құқықтық келісімшарттар (ГПХ) бойынша ұсталған әлеуметтік аударымдарға да салық шегерімі енгізілмек.
Сенат депутаттары бұл өзгерістерді мұқият талқылау үшін заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Мәжіліс аталған ұсыныстарды қайта қарап, нақты шешім қабылдауы тиіс.