Алматыда ірі көлемде пара алу ісіне байланысты тергеу басталды. Әңгіме Астанада лауазымды қызмет атқарған бірнеше шенеунікке қатысты болып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Қаржы мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің атап өткеніндей Еңбек министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» қазіргі және бұрынғы басшысы, бұдан бөлек «Бірінші кредиттік бюроның» директоры тергеу назарына іліккен.
Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге қажетті ақпараттық қызмет көрсету кезінде өз мүддесін өткізу мақсатында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» басшылығына жүйелі, ұдайы түрде заңсыз сыйақылар бергені анықталған.
Агенттіктің ресми мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 28 маусымында 75 мың доллар пара беру кезінде мына тұлғалар қолға түскен:
Руслан Омаров – «Бірінші несие бюросы» ЖШС-ның бас директоры;
Ақмәди Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның қазіргі басшысы, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары болған;
Дәулет Арғандықов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның бұрынғы басшысы, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары қызметін атқарған.
Тергеу барысында ұсталғандардың мекенжайына тінту жүргізілген.
Нәтижесінде 370 мың АҚШ доллары және 4,5 миллион теңге көлемінде қолма-қол ақша тәркіленген.
Сот шешімімен үш күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды. Бұл іс бойынша әлі де тың деректер ашылуы мүмкін.
Еске сала кетсек, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» еңбек нарығын реттеуде, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы стратегиялық маңызды мемлекеттік ұйым. Ал «Бірінші несие бюросы» қаржы институттарына кредиттік есептер мен мәліметтер ұсынатын коммерциялық мекеме.
Әшкере телеграм арнасының жазуынша күдіктілер VPN арқылы мем.органдардың мәлімет базасына қосылып, азаматтар мен олардың несие тарихына қатысты ақпарат жинаған.
Кейін осының негізінде жұрттың жеке несие досиесін жасап, екінші деңгейлі банктерге жолдап отырған. Осы қызметі үшін бюро банктерден қомақты қаражат алып отырған.
Қаржыгер мамандардың айтуынша, Омаров басқаратын бюро тұрғындардың несие тарихы нарығын билеп-төстеп отыр.