Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы, Сұлукөл ауылында Agrofest Batys – 2025 мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтіп жатыр.
Ауқымды шара – еліміздегі жаңа буын фермерлер мен агроинноваторлардың басын қосып, аграрлық саланың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бірегей алаңға айналып отыр.
Agrofest көрмесінің басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласында жинақталған тәжірибе мен заманауи жетістіктерді ортаға салып, осы бағыттағы даму траекториясын нақтылау. Көрме барысында қатысушылар агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара іс-қимылды нығайтып, бірлескен шешімдер арқылы саланың серпінді дамуына жол ашуды көздейді.
Қазір көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, агросекторға қызмет көрсететін ұйымдардың өкілдері, ауыл шаруашылығы техникаларын, тұқым, тыңайтқыш және пестицид өнімдерін өндіретін ірі компаниялардың жетекшілері, тәжірибелі фермерлер мен мал шаруашылығы мамандары, ұлттық спорт шеберлері мен шығармашылық зиялы қауым қатысып отыр.
Agrofest – бұл жай ғана өнім мен техника таныстырылымы емес. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы білім мен тәжірибе алмасу, нақты мәселелерді ашық саралау, жаңа идеяларды жүзеге асырудың алаңы. Қатысушылар аграрлық саланың келешегін жаңаша көзқараспен бағалап, тың бастамалар мен озық тәжірибелермен танысып жатыр.
Көрме аясында:
агротехнологиялар мен цифрлық шешімдердің таныстырылымы,
аграрлық стартаптар мен инновациялық жобалардың презентациясы,
кәсіби шеберлік сабақтары мен оқыту семинарлары,
тақырыптық пікірталастар,
салааралық іскерлік кездесулер мен серіктестік келіссөздер өтуде.
Қатысушылар аймақтық даму стратегиялары, агроинновациялар және ауыл шаруашылығын дамытудың тың тәсілдері бойынша пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісіп жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы саласының тұрақты және жан-жақты дамуына жаңа бағыт береді.
Agrofest – бұл ауылдық аймақтардың әлеуетін арттыруға және жаңа буын мамандарын қолдауға бағытталған кәсіби алаң. Мұнда әр қатысушы өз саласының үздіктерімен тікелей байланыс орнатып, жаңа серіктестікке жол аша алады.
Agrofest Batys – 2025 – бұл ауыл шаруашылығы саласындағы ғылым, техника және тәжірибе тоғысқан ірі платформа. Мұнда болашақтың ауыл шаруашылығы қалыптасып жатыр.