Жыл басынан бері Қазақстан халқының саны 100 мың адамға артқан. Дегенмен, елдегі демографиялық өсу әр өңірде әртүрлі қарқынмен жүріп жатыр. Ерекше назар аударуды қажет ететін бірнеше тренд бар деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ел халқының саны 2025 жылдың 1 шілдесіне қарай 20 миллион 380 мың адамнан асқан. Қала тұрғындарының саны 13 миллионға жуықтаса, ауылда 7,5 миллионға тарта адам тұрып жатыр.
Жарты жыл ішінде Қазақстанда 161 мыңнан астам бала өмірге келсе, 64 мыңнан аса адам қайтыс болған. Бұл табиғи өсім шамамен 97 мың адам деген сөз. Әдеттегідей, бала туу көрсеткішінің ең жоғары деңгейі Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында байқалады.
Дегенмен, аймақтардағы ахуал ала-құла. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында керісінше, өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Бұған аталған өңірлердегі халықтың жас ерекшелігі себеп.
Халық өсіміне тағы бір фактор көші-қон әсер еткен. Жыл басынан бері елге 11 мыңнан аса адам көшіп келген. Есесіне Қазақстаннан көшіп кетушілер саны екі есеге жуық азайған. Ел ішіндегі миграцияның негізгі бағыттары өзгерген жоқ. Халықтың басым бөлігі әлі де Астана, Алматы және Шымкент секілді ірі қалаларға ағылуда.
Бір қызығы, табиғи өсім бойынша көш бастап тұрған Түркістан облысы ішкі көші-қонда керісінше, ең көп адам жоғалтқан өңір болды. Облыстан 18 мыңнан астам адам көшіп кеткен.
Ал ішкі көші-қоннан ең көп пайда көрген ел астанасы. Астана жарты жылдың ішінде ғана өзге өңірлерден келген 36 мыңнан аса тұрғынмен толыққан.