Киевте Қазақстан мен Украина полициясының бірлескен операциясы нәтижесінде deepfake технологиясын қолданған ірі алаяқтық call-орталығы әшкереленді деп хабарлайды Ertenmedia.
Қылмыстық топ өкілдері өздерін адвокат немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырып, Қазақстан, Еуроодақ пен ТМД елдерінің тұрғындарына хабарласқан.
Олар жалған инвестициялық платформаларға алданып қалған азаматтарға қаржысын қайтарып береміз деген желеумен хабарласып, «сот алымдары», «комиссиялар» секілді түрлі төлемдер жасауды талап еткен, кейде тіпті жәбірленушілердің несие алуына итермелеген.
Сенімді болу үшін алаяқтар deepfake технологиясын пайдаланып, жалған бейнеқоңыраулар мен жалған құжаттарды көрсеткен. Қазірдің өзінде олардың әрекетінен Қазақстан азаматтары да бар, 4,5 мыңнан астам адам зардап шеккені белгілі болды. Шығынның жалпы сомасы төрт миллион доллардан асады.
Ұйымның жұмысы нақты иерархиялық тәртіпке негізделген.
Оның құрамында инвесторлар мен ұйымдастырушылар, операторларды оқытатын техникалық мамандар және жәбірленушілермен тікелей байланыс орнататын орындаушылар болған.
Call-орталықта шамамен 30 адам қызмет еткен. Заңсыз жолмен келген қаржы Киев қаласынан элиталы жылжымайтын мүлік, жер телімдері және қымбат көліктер сатып алуға жұмсалған.
Тәртіпті сақтап, жұмысқа ынталандыру үшін операторларға әрбір заңсыз алынған қаражаттың белгілі бір пайызы төленіп отырған.
Жедел-іздестіру барысында алаяқтардың 11 мекенжайы бойынша жүргізілген тінтуде 41 компьютер, 24 ұялы телефон және ондаған sim-карта тәркіленген. Сондай-ақ, осы құрылғыларда Қазақстан азаматтарының абоненттік нөмірлері жазылған деректер қоры табылды.
Қазір 15 Украина азаматы ұсталып, тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда, полиция жаңа эпизодтар мен топ мүшелерінің өзге сыбайластарын анықтауда.