28 қыркүйекте Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру жарысы – Almaty Marathon өтеді. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырып отырған дода биыл он төртінші рет Республика алаңынан басталып, әлемнің 60-тан астам елінен келетін 16 мың қатысушыны біріктірмек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы марафон бірден екі рекордпен ерекшеленіп отыр. Ұйымдастырушылардың дерегінше, жарысқа 1200-ден астам шетелдік қонақ келмек. Ал 42,2 шақырымдық толық марафонға 1500 адам өтінім берген. Мұндай көрсеткіш Almaty Marathon-ның жай ғана қала ішіндегі спорттық шара емес, халықаралық ауқымы кең жобаға айналғанын аңғартады.
Жарыс жолы Республика алаңынан басталып, әл-Фараби даңғылы бойымен жалғасады. Қатысушылар асқар Алатау көрінісін тамашалап, жол бойындағы Тұңғыш Президент саябағы, Ботаникалық бақ секілді қаладағы маңызды нүктелердің жанынан өтеді. Қашықтық таңдауы да әртүрлі: 42,2 шақырым марафон, 21,1 шақырым жартылай марафон, 10 шақырым жүгіру және 10 шақырымдық скандинавиялық жүріс қарастырылған.
Корпоративтік командалар үшін «Экиден» эстафетасы өтеді. Онда марафон қашықтығы алты адамға бөлінеді. Мәреге жеткен қатысушылардың бәріне естелік медаль табысталады, ал негізгі қашықтық жеңімпаздарына ақшалай сертификат, медаль, мадақтама және бағалы сыйлықтар беріледі.
Almaty Marathon жыл сайын ауқымын ғана емес, қайырымдылық бағытын да кеңейтіп келеді. Қор құрылған күннен бері қатысушылар төлеген жарнаның бір бөлігі балаларға арналған әлеуметтік жобаларға бағытталып отыр. Биыл «Бірінші болу – батылдық» қоры «AYALA» қайырымдылық қорымен бірге Шымкент пен Түркістан облысындағы екі перинаталдық орталыққа жалпы құны 106 241 284 теңге болатын заманауи диагностикалық жабдық тапсырған. Он төрт жыл ішінде қор 370 млн теңгеден астам қаражатты қайырымды іске жұмсаған. Негізгі мақсат – сәбилер арасындағы мүгедектік деңгейін азайту, спортты қолжетімді ету және ұлт денсаулығын нығайту.
Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есеновтің айтуынша, Almaty Marathon – Қазақстандағы халықаралық AIMS күнтізбесіне енген жалғыз жарыс. AIMS қауымдастығы әлемнің 115 еліндегі 445 марафонды біріктіреді. Оның сөзінше, осындай мәртебе спортты көпшілікке жақындатуға, Қазақстанды сыртқа танытуға, туризм мен бизнесті қолдауға мүмкіндік беріп отыр. Биыл шетелдік қатысушы санының рекордтық деңгейге жетуі де осының айғағы ретінде бағаланып отыр.
Жарыс түркі елдерінің TAN сериясына кіреді, ал оның бағыттары World Athletics талаптарына сай сертификатталған. Ұйымдастырушылар экология мәселесіне де мән беріп отыр. Бір реттік құрылымдарды азайту, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үшін жергілікті компаниялармен әріптестік орнатылған. EcoNetWork серіктестігі интерактивті экологиялық аймақ ашады. Қатысушылар қажетсіз жылы киімдерін арнайы жерге қалдыра алады, кейін «Жылу» жобасының еріктілері оларды сұрыптап, мұқтаж жандарға таратады. Қала тұрғындары да осы іске Ботаникалық бақ кіреберісіндегі арнайы жәшік арқылы үлес қоса алады.
Қордың атқарушы директоры Салтанат Қазыбаеваның айтуынша, Almaty Marathon бірнеше жылдан бері инклюзивтілігімен, ұйымдастыру сапасымен және ауқымымен алда келеді. Жоба бір күндік жарыспен шектелмейді. Жыл бойы A’SU Team by Almaty Marathon аясында тегін жаттығулар өткізіледі. Қыс мезгілінде 42,2 шақырымға тіркелгендерге арналған ашық топ жұмыс істейді. Биыл Community Almaty Run атты апталық кездесулер басталған. Осы алаңда қатысушылар бірге жүгіріп қана қоймай, дәріс тыңдап, экологиядан бастап спортқа дейінгі түрлі тақырыпты талқылай алады. Яғни марафон кәсіби спортшыға да, әуесқойға да ортақ кеңістік ұсынып отыр.
Контекст
Қауіпсіздік жағы да жіті қарастырылған. Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, жарыс кезінде Алматы қаласы Полиция департаменті, бас дәрігер және ұйымдастыру тобы бірігіп жұмыс істейді. Барлық қашықтық бойында 10 веломедик, 90 медициналық ерікті, 13 медициналық бекет және 12 жедел жәрдем көлігі кезекшілік атқарады. Сөре мен мәреде «қызыл» және «сары» аймақтарға бөлінген арнайы госпиталь болады. Жалпы 70-тен астам дәрігер мен медицина маманы жұмылдырылады.
Қатысушылардың жайлылығы үшін су мен тамақ бекеттері, зат сақтайтын орындар, киім ауыстыратын бөлмелер дайындалады. Биыл алғаш рет ана мен балаға арналған бөлме, әйелдерге лайық толық жабдықталған санитарлық тораптар және ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделген әжетханалар қойылады. Осылайша Almaty Marathon қатысушыға ғана емес, жанкүйерге де қолайлы, қайырымдылық, туризм, экология және бұқаралық спортты бір арнаға тоғыстыратын ірі алаңға айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







