Украиналық дрондар Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийск қаласындағы кеңсесіне жойқын соққы жасады деп хабарлайды Ertenmedia.
24 қыркүйекте КҚК әкімшілік ғимараты жаппай дрон шабуылына ұшырап, компания кеңсесімен қатар жақын маңдағы тұрғын үйлер мен қонақүй де зақымдалған.
Компанияның ресми мәлімдемесіне сәйкес, оқиғадан КҚК-ның екі қызметкері жараланып, дереу ауруханаға жеткізілді. Кеңсенің жұмысы уақытша тоқтатылып, қызметкерлер қауіпсіз жерге көшірілген. Бұдан бөлек, ғимаратта КҚК-ға қатысы жоқ азаматтар да ауыр жарақат алған.
Краснодар өлкесінің жедел штабы кейінірек нақтылағандай, шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, алты адам жарақаттанған. Құлаған дрондардың сынықтары тиіп, бір ғимаратта шыққан өрт әлі де ауыздықталмаған. 20 автокөлік зақымданып, оның үшеуі толық жанып кеткен.
КҚК қазақ мұнайының 80 пайызға жуығын экспортқа тасымалдайтын стратегиялық маңызды құрылым. Консорциумның негізгі акционерлері Қазақстан («ҚазМұнайГаз», 19 пайыз), Ресей Федерациясы және әмерикалық Chevron компаниясы.
Айта кетерлігі, осы күні Башқұртстандағы «Газпромның» өндіріс орны да дрон шабуылына тап болған. Ресей кеденшілері Қазақстаннан «Газель» автокөлігімен жеткізілмек болған дрон партиясын шекарада ұстаған. Осы оқиғалардың бір-бірімен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Бірақ сарапшылар шабуылдың астарында мұнай-газ тасымалы жүйесіне бағытталған жоспарлы қысым жатуы мүмкін екенін айтады.
Қазір бұл жағдайға қатысты тергеу басталып, шабуылдың Қазақстан мұнайының тасымалына тигізетін әсері саралануда.