Ел билігінің жоғарғы эшелонында орын алған ауыс-түйістің ішінде көзге түскені премьер-министрдің орынбасары әрі сыртқы істер министрі қызметін атқарған Мұрат Нұртілеудің орнынан кетуі.
Мұның астарында Ақорда айналасындағы саяси элитаның талас-тартысы мен жаңа саяси бағыттың белгілері жатуы мүмкін деп жазады Ertenmedia.
Ауыс-түйіс Нұртілеу Нью-Йоркте жүрген кезде орын алған. Ендігі жерде экс-министр БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында халықаралық деңгейдегі маңызды жүздесу өткізіп жатқанда, елге қайтпай жатып-ақ қызметінен алынған.
Тоқаевтың Нұртілеуді көмекші етіп тағайындауы, сырт көзге сенімді кадрын сыртқа теппеудің амалы сияқты көрінеді. Дегенмен саясаттанушы Ербол Еділовтің пайымдауынша, соңғы өзгеріс Мұрат Әбуғалиұлының саяси позициясын әлсіретіп, оны маңызды әрі ықпалды лауазымнан алыстатқан.
«Министр әрі вице-премьер кезінде Нұртілеудің Үкіметтегі күн тәртібіне ықпалы зор еді. Экономика мен сыртқы саясатқа қатысты шешім қабылдау процесіне белсенді араласты. Бұдан былай тек президенттің қабылдауына кіріп, ақыл-кеңес берумен ғана шектеледі. Бұрынғыдай үкіметке пәрмен берерлік тетіктерінен толық айырылды», – дейді саясаттанушы.
Еділов Нұртілеудің қызметінен кетуіне Гүлнәр Бәжкенова басқаратын «Орда» порталының атышулы мақалалар сериясы түрткі болуы мүмкін деп топшылайды. Мақаладағы ауыр айыптарға Нұртілеудің жарытымды жауап қатпауы және сотқа жүгінбеуі қоғамның көкейіндегі сауалды көбейте түскен.
«Үнсіздік көпшіліктің күдігін күшейтіп, бұрынғы министрдің саяси имиджіне үлкен нұқсан келтірді. Ел ішінде алыпқашпа әңгімені сол күйі сейілте алмады. Шын мәнінде үнсіздіктің өзі көп нәрсені аңғартады», – депті Еділов.
Сарапшы Нұртілеудің орнын босатуына белгілі бір топтардың да ықпалы болғанын жоққа шығармайды. Экс-министрді саяси Олимптен ығыстырғысы келген ойыншылар ақыр түбі өз мақсатына жеткен.
Еділовтің пікірінше, бүгін ауыс-түйіс арқылы президент Тоқаев Президент Әкімшілігі құрамын жаңа кадрлармен нығайтып, мемлекет мүддесіне селқос қарайтындарды іріктеуге кіріскен.
Нью-Йорктегі кездесуге де негізінен шенеуніктер қатысып, нақты экономика өкілдері саналатын ірі бизнес иелерінің төбе көрсетпеуі осы пікірді растай түседі. Ірі келісімдерге қол қойылғанымен, сол жобалардың басты иесі кәсіпкерлер кездесуден тыс қалған.
«Мұндай жерде ірі бизнес өкілдерінің болуы маңызды еді, шетелдік инвесторлар шенеуніктерге қарағанда нақты кәсіпкерлермен сөйлескенді жөн көреді», – дейді сарапшы.
Еділов АҚШ-пен жасалған 4,2 млрд долларлық локомотивтер келісіміне де сын көзбен қарайды.
«АҚШ президенті Дональд Трамп Өзбекстан президентімен бетпе-бет кездесіп, ал біздің мемлекет басшысымен тек телефон арқылы ғана тілдескені де көп нәрседен хабар береді. Өзбекстанның АҚШ-пен екі есе үлкен келісімшартқа қол жеткізуі Астананың аймақтағы экономикалық көшбасшы имиджіне нұқсан келтірді. Әмірикадағы елші Ержан Ашықбаевтың орнынан кетуінің бір себебі осында. Тоқаев сыртқы саясаттағы әрекетсіздікке төзбейтінін ашық көрсетіп отыр», – деп санайды Еділов.
Сарапшы пікірінше, Ақорда ішінде экономикалық блокқа жауапты Қанат Шарлапаевтан да президенттің көңілі қалған. Дипломатиялық корпуста әлі де өзгерістер орын алуы мүмкін.
«Тоқаев ішкі-сыртқы саясатты түбегейлі қайта қарап, билікке жаңа адамдарды тартып, ескі кадрлардан арылу арқылы саяси алаңды тазартуға күш салуда. Бұл процес бүгінгі ауыс-түйіспен байыздап қалмайды», — деп түйіндепті Еділов.
Айта кетелік, Тоқаевтың Жарлығымен осы күнге дейін сыртқы істер министрі болып келген Мұрат Нұртілеу Президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі лауазымына ауысты. Оның орнына бұған дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Ермек Көшербаев тағайындалды
Еділовтің өзі осыған дейін бірнеше мәрте Нұртілеуді насихаттау сарынындағы материалдар жариялаған болатын. Ertenmedia соның бірін оқырман назарына ұсынған болатын.
Ақорданың джокері: Суаннан шыққан Нұртілеу қазақ дипломатиясын қалай өзгертті?