Елорданың Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы қызметкерлері қала тұрғындарымен бірге сенбілікке шығып, ескерткіштердің айналасын тазалады. Бұл шара «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының аясында өтті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана секілді жас әрі заманауи қалада мәдени мұраны сақтау болашаққа жасалған ең үлкен сый. Көшелердегі ескерткіштер біздің тарихымыздың айнасы ғана емес, ұлттық сана мен рухани сабақтастықтың тірі куәгері. Сол себепті олардың жағдайына бейжай қарау елдің өткеніне құрметсіздікпен тең.
Қала әкімдігі Біріккен мұражайлар дирекциясының өкілі Баянды Сахарияұлының айтуынша, жұмыс тек қоқыс тазалаумен ғана шектелмейді. Қысы-жазы ескерткіштердің айналасы тазаланып, қар мен мұздан арылтылып отырады. Жаңбыр мен жел, ыстық пен суық ауысқан кезде металл тот басып, бетон плиталар жарылады. Осының алдын алу үшін арнайы химиялық қорғаныш құралдары қолданылады, жіктер бітеумен бекітіледі. Қаладағы ескерткіштердің басым бөлігіне мұндай өңдеу жасалып үлгерген. Бұл олардың ғұмырын ұзартатын және келесі ұрпаққа бастапқы кейпінде жеткізетін маңызды іс.
Мәселенің тағы бір қыры – вандализм. Соңғы жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер жиі зардап шегіп отыр. Бала мүсінінен бастап металл бөлшектеріне дейін қолды болған жағдайлар тіркелген. «Отан-Ана» монументі мен «Мәңгілік алау» да бұзақылардан зардап шеккен. Мұндай әрекеттер ел тарихына жасалған қиянатпен пара-пар.
Осыған байланысты әкімдік Цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, бақылау камераларын орнатуға кіріскен. Заңсыз әрекеттер үшін айыппұл да аз емес. Бірде мемориалды түрлі түспен бояп кеткендер ұсталып, 100 мың теңгеден астам айыппұл төлеген. Дегенмен, айыппұлдан бұрын, мұндай қадамның рухани қылмыс екенін түсіну маңызды.
Ескерткіштерге жасалатын зиянның бәрі тек бұзақылықтан туындамайды. Кейде қарапайым тұрғындар абайсызда зиян тигізіп жатады. Граффити сызу, балалардың плиталарда ролик теуіп сырғанау әрекеттері жиі кездеседі. Көгершіндерді тамақтандыру да тас құрылымдарға зиянын тигізетінін көпшілік біле бермейді. Сондықтан арнайы белгілер қойылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық бақылау артқан сайын адамдардың мәдени мұраға деген құрметі де өзгереді. Сенбілік, рейдтер, тұрғындардың бірлескен әрекеттері – соның көрінісі.
Қазір Астанада шамамен 70 ескерткіш Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының балансында тұр. Барлығы күзетке алынған және жүйелі санитарлық тазалаудан өтеді. Бұл тек қала мәдениетін емес, елдің рухани келбетін сақтау үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Ескерткіштердің ұзақ уақыт сақталуы – мемлекеттің өркениеттілігінің де көрсеткіші. Мәселе тек тастан құйылған мүсіндерде емес, халықтың тарихи жадын сақтау мен болашаққа аманат етуінде жатыр.