Алматы оқушылары 7-8-сыныптар арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зияткерлік дода 2026 жылғы 19-22 мамыр аралығында Астана қаласында өтті. Олимпиадаға Қазақстанның барлық өңірінен 547 оқушы қатысты. Алматы қаласының намысын қорғаған 25 оқушы білім сайысында үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды.
Олимпиада қорытындысы бойынша Алматы командасы «Үздік олимпиадалық команда – 2026» номинациясында бірінші орын иеленді. Бұл нәтиже қала мектептеріндегі дарынды оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын және пәндік дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті.
Жарыс қорытындысында алматылық 3 оқушы бірінші орын, 2 оқушы екінші орын, 8 оқушы үшінші орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II және III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Төрт күнге созылған олимпиада барысында қатысушылар күрделі тапсырмаларды орындап, түрлі пәндер бойынша білімін сынады. Мұндай жарыстар оқушылардың академиялық қабілетін анықтап қана қоймай, олардың ізденісін күшейтуге, ғылымға қызығушылығын арттыруға және болашақтағы білім бағытын дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
Алматы командасының жетістігі мегаполистің білім беру әлеуеті жоғары екенін тағы дәлелдеді. Дарынды оқушыларды қолдау, олимпиадалық дайындықты дамыту және сапалы білім беру қаланың интеллектуалдық капиталына тікелей әсер ететін маңызды бағыт болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







