Түркістан облысында соңғы қоңырау салтанаты «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін еліміздегі барлық мектепте соңғы қоңырау үні естіліп, түлектер мектеппен қоштасып жатыр. Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында осы күнге орай бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы тәрбие сағаттары өткізілді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы №28 мектепте өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Ол білім саласында еңбек етіп жүрген педагогтерге алғыс айтып, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі.
Ертай Алтаев түлектер елдің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның болашағы екенін атап өтті. Оның айтуынша, жас ұрпақ білім мен ғылымға ұмтылып, ел дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуы керек.
«Сіздер – елдің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағысыздар. Білім алып, ғылым жолында ізденіп, биік белестерді бағындырыңыздар. Ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, ел дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін», деді Ертай Алтаев.
Салтанатты жиында үздік түлектер мен дарынды оқушыларға білім берген озат ұстаздарға құрмет көрсетілді. Түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеппен қимай қоштасты. Ұстаздар қауымы да шәкірттеріне ақ жол тілеп, үлкен өмірге басқан қадамдары сәтті болуын тіледі.
№28 мектепте 2025-2026 оқу жылын 1761 оқушы аяқтап отыр. Білім ордасы екі ауысымда жұмыс істейді, мұнда 200-ге жуық педагог еңбек етеді. Биыл 11-сыныпты 65 түлек тәмамдайды. Олардың ішінде 4 оқушы «Алтын белгіге», 8 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Жалпы 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысында 35 294 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Оның 2 416-сы «Алтын белгіге», 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 31 535 оқушы өтінім берген.
Соңғы қоңырау – әр түлектің жүрегінде қалатын ерекше сәт. Түркістан өңіріндегі мыңдаған оқушы үшін бүгін мектеп қабырғасындағы бір кезең аяқталып, білім мен жауапкершілікке толы жаңа жол басталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







