Алматы облысында 20 мыңнан астам түлекке соңғы қоңырау соғылды. Бүгін өңірдегі мектептерде соңғы қоңырау салтанаты талапқа сай, жоғары деңгейде өтті. Айтулы шаралардың бірі Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, түлектерге ақ жол тіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір облыстағы 497 жалпы білім беретін мектепте 379 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл 20 109 түлек мектеп бітіріп отыр. Олардың 1 844-і «Алтын белгіге», 1 680 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Жуырда Еңбекшіқазақ ауданындағы М.Горький атындағы орта мектеп түлегі Әли Лоян ҰБТ-дан 140 балл жинап, өңір мерейін көтерді.
Марат Сұлтанғазиев түлектердің алдында жаңа өмір белесі тұрғанын айтып, білім мен еңбек кез келген табыстың негізі екенін атап өтті. Оның сөзінше, Алматы облысы дарынды, білімді және жігерлі жастардың мекені.
Биыл ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиадада өңірдің 34 оқушысы жүлделі орын алып, жаратылыстану-математика бағыты бойынша І орынды жеңіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды.
Соңғы үш жылда Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында облыста 26 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Жаңа білім ошақтарында заманауи кабинеттер, инклюзивті білім орталықтары, шеберханалар, кітапханалар, робототехника, STEM және модификацияланған кабинеттер қарастырылған.
Салтанатты шарада түлектер ұстаздарына алғыс айтып, соңғы қоңырауды қимастықпен соқты. Қоштасу вальсін билеп, мектепке арнап ән шырқады. Жас түлек Нұрдана Мұқаш ҰБТ-ға дайындалып жүргенін, физика-математика бағытын таңдап, болашақта инженерия саласында білім алып, туған өңірінің дамуына үлес қосқысы келетінін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







