Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың Нью-Йорктегі кездесуінен фото жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Желдібай суретті өзінің Telegram-арнасына жүктеп, астына «Нью-Йорк, АҚШ, 2025 жыл» деп жазған.
Бұған дейін Ақорда екі президенттің әңгімелескені туралы қысқа хабарлама таратқан еді, бірақ кездесудің форматы бетпе-бет пе, әлде телефон арқылы ма нақты айтылмаған болатын.
Осыған байланысты, кейбір сарапшылар толыққанды кездесу болмаған деп болжаған.
Кейбір дереккөздердің мәліметінше кездесу барысында Трамп Украина мәселесін көтерген. АҚШ-тан оралған соң Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізіп, оған қажетті ақпаратты жеткізген.
Айта кетсек, Нью-Йоркке сапары кезінде Трамп Өзбекстан басшысы Шапқат Мирзияевпен де жүздесіп, бұл туралы Threads желісінде арнайы пікір білдірген еді. Америкалық саясаткер Тәшкент тарапы жасаған ұсыныстарды «аса маңызды әрі ірі мәміле» деп бағалаған.
Тоқаев АҚШ-қа БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысып, жалпы дебатта сөз сөйлеу үшін барған болатын. Президенттің Трамппен кездесуі сол сапар барысында өткені белгілі болды.
Желдібай жариялаған суреттерде Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Дональд және Мелания Трамп та бар.