Путин мен Әлиев Душанбіде биылдыққа алғаш рет көзбе-көз кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Кремль көсемі әңгіменің әлқиссасын былтыр желтоқсанда апатқа ұшыраған әзербайжандық AZAL ұшағына қатысты мәселені мойындаудан бастады. Мәскеу осы күнге дейін бұған қатысы барын жоққа шығарып келген.
Еске салсақ, өткен жылдың соңында Әзербайжан әуе компаниясының Бакуден Грозныйға бет алған ұшағы Ақтау маңында құлаған. Салдарынан 38 адам қаза тапқан. Баку әу бастан ұшақтың сыртқы әсерден апатқа ұшырағанын айтса да, Кремль әдепкі әдетіне салып, кінәні Киевке аударған еді. Бұған шамданған Әлиев мәселені халықаралық сотқа шығаратынын мәлімдеген болатын.
«Ұшақтың корпусы оқ пен жарықшақ іздеріне толы. Жолаушылардың екеуі жарықшақтан жараланды. Бұған украиналық дрон себепкер болды деу баланың әңгімесі», – деген еді Әзербайжан президенті.
Бұл жолы Путин мәселенің мән-жайын толық мойындап, ұшақтың ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің қателігінен зақымданғанын ашық айтты.
«Ұшаққа екі зымыран атылды. Олар ұшаққа тікелей тимеген, 10 метрдей қашықта жарылған. Әуе кемесіне зымыран қалдықтары тиген. Ұшқыш мұны құстармен байланыстырып, диспетчерге солай жеткізген», – деп түсіндірді Путин.
Ресей президенті бұған таяуда ғана көзі жеткенін айтып, оқиғаға өкініш білдіріп, Әлиевтен кешірім сұрады. Осы жолғы кездесуде Әзірбайжан басшысы ресейлік тарапқа ешбір сын айтқан жоқ.
Былтырғы апат екі ел арасындағы жалғыз түйткіл емес.
Осы жазда Екатеринбұрда Әзербайжан диаспорасының өкілдері ұсталып, екеуі қаза тапқан. Баку олардың өліміне ресейлік пәлцейлердің жауыздығы себеп болды деп мәлімдеген.
Бұған қарымта ретінде Баку ел аумағында жүрген сегіз ресейлікті есірткі контрабандасы және киберқылмыс бойынша құрықтаған болатын. Сондай-ақ, Бакудегі «Русский домның» есігіне құлып салынып, мекеме өкілдері тыңшылықпен айналысты деп айыпталған, артынша атышулы «Sputnik Әзербайжан» агенттігінің бас редакторы мен директоры да тұтқындалған болатын.
Бұдан бөлек, Әзербайжандағы ресейліктердің елде жүру мерзімі бір жылда 90 күнге дейін қысқартылған.
Душанбе төріндегі екі ел басшысының кездесуі шамамен қырық минутқа созылған екен.