Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өткен «Орталық Азия — Ресей» саммитінде Кремль Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Әлемде бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңге қарамастан, Ресей Қазақстанның одақтасы әрі стратегиялық серіктесі болып қала береді», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Ресей мен Орталық Азия арасындағы сауда айналымы 2024 жылы 20 пайызға артып, $50 млрд-тан асқан. Оның жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда үлесі, былтыр ол $28 млрд-қа жетті.
Ресей Қазақстан экономикасына $26 млрд-тан аса инвестиция құйып, ең ірі инвесторлардың қатарына енген.
«2030 жылға дейін Қызылордадан Ресей шекарасына дейінгі автожолды төрт жолаққа дейін кеңейтеміз. Ресей және Түрікменстанмен бірлесіп, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын дамытамыз. 2027 жылға қарай оның жүк өткізу әлеуетін екі есеге арттыру көзделген. Былтыр осы бағыт бойынша жүк тасымалы 2,5 млн тоннаға жетті. Дәліздің әлеуетін толық ашу үшін бірлескен инвестициялық бағдарлама әзірлеу қажет. Бұл мәселелерді 12 қарашада Ресейге жасайтын сапарым алдында егжей-тегжейлі талқылауды ұсынамын», – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, Қазақстан Ресей мұнайының Қытайға жеткізілуіндегі негізгі транзиттік бағыт. Қазір жылына 10 млн тонна ресейлік мұнайды Қытайға тасымалдап отыр, тіпті биыл бұл көрсеткіштен асып кеткен. Жуырда Петерборда Мәскеу мен Астана газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі маңызды келісімге қол қойған.
Экологиялық мәселе де назардан тыс қалмады. Президент Орталық Азия мен Ресейдің экология жөніндегі арнайы министрлер кеңесін құруды ұсынды.
Кеңес трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің экологиялық ахуалын бақылауға алып, Каспийдің су ресурсын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуі қажет.

«Су қауіпсіздігі өте-мөте маңызды мәселе. Сондықтан су ресурстары мен ауыл шаруашылық жерлерінің жай-күйін нақты бағалап, төтенше жағдайды болжау үшін бірлескен ғарыштық мониторинг бағдарламасын іске асыруды ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, орыс тілі ортақ байлық әрі байланыстырушы фактор болып қала бермек. Дегенмен бұл қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайтуға еш кедергі болмауы керек екенін ескертті.
«Мен жастарымыздың орыс тілін жақсы білуі маңызды екенін үнемі айтып келемін. Алайда бұл қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайту жөніндегі жұмысқа кедергі келтірмейді. Тіліміз бізге Жаратқаннан берілген әрі оның мәртебесі Конституцияда бекітілген. Сондықтан қазақ тіліне назар аудару, көңіл бөлу жалғасады. Менің ойымша, жастарымыз екі немесе тіпті үш-төрт тілді еркін меңгеруге толық қабілетті», – деді Тоқаев.