Соңғы апталарда елімізде өткен форумдар төңірегіндегі әңгіме жұрттың жүйкесін жұқартты. Бірі сән мен даңқтың ортасында өткен BeWoman форумы болса, екіншісі цифрлық дәуірдің дамуына арналған Digital Bridge 2025 жиыны. Бір қарағанда екеуі де әртүрлі бағыттағы шаралар. Бірақ елдің есінде форумда айтылған мазмұнды әңгіме емес, оның айналасындағы дақпырт пен дау ғана қалғандай… Біріншісінде ресейлік насихатшылардың сахнаға шығуы халықтың ашуын тудырса, екіншісінде Павел Дуровтың Көлсайда шомылған суреті әлеуметтік желіні шулатты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Павел Дуровтың Қазақстанға келуі ақпараттық кеңістікте үлкен жаңалық болғанын мойындаймыз. Бірақ оның Көлсайда суға түсуі, табиғи аймақтың ережесін елемеуі жұрттың ашуын туғызғаны рас.
Ertenmedia.kz сайты көпшілік бұл жағдайдан кейін шетелдік қонақтың еркелігіне емес, жергілікті шенеуніктердің жағымпаздығына налығаны анық. Әрине, мәртебелі мейманға бәрін көрсету, елдің әдемі бейнесін ұсыну ниеті жақсы. Бірақ кейде артық пафос пен шектен тыс құрмет шынайылықты жоятынын да ұмытпаған жөн.
«Қазақтелекомның» басшысы Бағдат Мусиннің Фейсбуктағы жазбасы осы әсерді күшейте түсті. Мусин Дуровпен өткізген бір күнін ерекше эмоцияға толы болғанын сипаттап, «Павелдің есінде Қазақстан туралы ұмытылмас әсер қалдыруға тырыстық» деп ағынан жарылыпты.
Алайда жұрттың көкейіндегі сұрақ басқа-тұғын. Дуров үшін сол әсердің бағасы қандай болды? Заң бұзған қонақ үшін кім жауап береді? Көлсайдың сұлулығын сақтау үшін заң бәріне ортақ болуы керек емес пе? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Осындайда біздің «қонақжайлығымыз» жағымпаздыққа ұласып кететіне тағы да көз жеткіздік. Дуров сол Алматыдан 300 шақырым жердегі Көлсайға өз аяғымен барған жоқ қой. Оны еліміздегі шенді-шекпенділер кеу-кеулеп апарып, суға түсіргені анық.
Мәртебелі мейманның шашбауын көтеріп Көлсайға барғандардың арасында Бағдат Мусин де болуы да мүмкін. Дуровты құшақтап суретке түсіп, онысын Фейсбукқа салғанына қарағанда Мусиннің сонда болғаны болғаны анық. Тіпті, Дуров суға түскенде оны тоқтату да ойына келмеген шығар.
Digital Bridge форумы Қазақстанның технологиялық әлеуетін танытуды маңызы зор екенін түсінеміз. Бірақ халық осындай шаралардың сыртқы сәнінен гөрі, нақты нәтиже күтеді.
Форумнан кейін инвестиция тарту, стартаптарды қолдау және цифрлық инфрақұрылымды дамыту туралы нақты шешімдер есте қалуы керек еді. Өкінішке орай, миллондаған қаржы шашып өткізген форум Дуровтың Көлсайда суға түсіп жүргенін әйгілейтін фотосымен есте қалайын деп тұр. Сондықтан халықтың жиын-басқосуларға қатысты наразылығын түсінуге болады.
Форумдардың шынайы мақсаты халық мен билік арасындағы сенімді арттыру, идея алмасу, болашақ бағытты айқындау болуы тиіс еді. Өкінішке орай біздің форумдар сахналық қойылымға ұқсап кетеді. Нәтижесінде халықтың форум-жиындардан шаршаған үнін әлеуметтік желіде ғана естілетін болды.