Ақтөбеде CNPC-ге қарасты қытайлық компанияның бұғалтыры мен басшысының орынбасары 6 миллиард теңгеден астам қаржыны қолды қылғаны үшін сотталды.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов осы іске қатысты тың дерекпен бөлісті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, CNPC-дің еншілес кәсіпорны «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» қарасты «Ту-Ха» мұнай-техникалық қызмет көрсету компаниясының екі қызметкері сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу және заңсыз жолмен тапқан қаражатты заңдастыру бойынша кінәлі деп танылған.
Оларға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жалпы шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асып жығылған.
Айыпкерлердің айтуынша, 2004 жылдан 2020 жылға дейін компания басшылығының бұйрығымен ақшаны қолма-қол шығарып, қаражатты қазақстандық шенділерге пара ретінде үлестіріп келген.
Атап айтқанда…
- Шетелдік жұмыс күшін кедергісіз кіргізу үшін ай сайын доллармен Ақтөбе облысының Еңбек департаменті мен облыс әкімдігіне ақша төленген.
- Экология департаментіне жыл сайын химреагенттер мәселесін «шешу» үшін 20 мың доллар беріліп тұрған.
- Ал Миграция қызметіне Қытайдан жұмысшылардың кедергісіз келуі үшін жалпы сомасы 2, 4 миллион доллар жұмсалған.
- Сондай-ақ 2016 жылы компания талапқа сай келмесе де, лицензиялау комитетіне пара беру арқылы арнайы қызмет түріне рұқсат алған.
- Одан бөлек, кеден органына баж салығын азайту мақсатында 500 мың доллар, Ақтөбе облысының прокуратурасына 100 мың доллар, ал қаржы полициясына салық төлеуден жалтаруға байланысты қозғалған қылмыстық істі жабу үшін тағы да пара берілген.
Жұмағұловтың жазуынша, компанияның тағы бір шығыны қызметкерлердің іссапары. Әрбір қытайлық маманның Қазақстанға келіп-кетуіне ірі көлемде ақша жұмсалып, жалпы іссапар шығыны 4, 5 миллион долларды құраған.
Бұған қоса, компания қазақстандық лауазымды тұлғаларға сый-сияпат жасауға да аямай ақша бөлген. Шенеуніктерге шетелге сапар ұйымдастырып, қымбат телефон, элиталы парфюм, сағат пен фитнес-орталықтардың абонементі тарту етілген.
Тергеу кезінде анықталғандай, қытайлық басшылар ақшаны қолма-қол айналымға түсіру үшін салықты 3 пайызбен төлейтін шағын кәсіпорындарды пайдаланған. Осылайша олар корпоративтік табыс салығын төлеуден жалтарған.
2006-2020 жылдар аралығында «Ту-Ха» компаниясына келісім-шарт арқылы 31, 2 миллиард теңгеден астам қаржы түссе, төленген корпоративтік табыс салығының сомасы бар болғаны 174 миллион теңге ғана болған. Бұл талап етілетін 20 пайыздың орнына 0, 5 пайыз деген сөз. Мәселен, 2018 жылы компанияның ресми пайдасы 104 миллион теңгені көрсеткенімен, дәл осы уақытта ұрланған қаржы сомасы 1, 3 миллиард теңгеге жеткен.
Сарапшының жазуынша, CNPC-дің «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» аффирленген осындай жеткізуші компаниялары жетіп артылады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» Энергетика министрлігіне тапсырған есебі де бұрмаланған.
«Энергетика министрлігі мен Қаржы мин. мұндай есепті автоматты түрде салыстырып, сәйкессіздікті оңай анықтай алар еді. Жалпы мұнай компаниялары квартал сайынғы сатып алу туралы есебінде өзіне тиімсіз көрсеткішті жасырып қалады», – дейді Жұмағұлов.
Сарапшы қытайлықтардың біздің шенділердің ұртын майлағанын олардың өздері үшін үлкен қауіп деп отыр. Қытай заңнамасында шетелдік шенеуніктерге пара берген адам өлім жазасына кесіледі.