Жыл басынан бері қызуы басылмаған салық реформасына түнеукүні президент Тоқаев тікелей араласқан болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке бір жылға жуық қызылкеңірдек болып талқыланған реформаның кейбір тұсына түзету енгізуді тапсырған деп жазады Ertenmedia.
Премьер Бектенов артынша шағын бизнеске арналған бірқатар жеңілдікті жария еткен-тұғын. Желідегі жұрттың бір бөлігі мұны «халықтың жеңісіне» балап, президенттің қоғам үніне құлақ асқанына қуанып жатыр.
Белгілі заңгер Ержан Есімханов бөрікті аспанға атуға әлі ерте дейді. Пікірінше салық мәселесінде басы ашық сауал аз емес.
Үкімет ұсынған басты жеңілдіктің екеуіне тоқталайық.
Алғашқысы «жеңілдетілген салық режиміне» (упрошенкі) қатысты енгізілмек болған шектеу жойылып, қолданыстағы 44 қызмет түрі ғана тыйымда қалады.
Кейінгісі шағын бизнесті тексеру мен камералдық бақылауға қатысты мораторий мерзімі 2025 жылдың соңына дейін ұзартылады. 16 пайызға көтерілген НДС мөлшерлемесі өзгеріссіз қалса да, жеңілдетілген режимде жұмыс істейтіндер әлгі салықты төлеуге міндетті емес.
«Бұлардың сыртқы көрінісі жақсы-ақ, алайда тереңірек үңілсек әлі де мың-сан мәселе бар», – дейді сарапшы. Біріншіден бағалар онсыз да өсіп кеткен.
«Бағаның өсуі ойдан құралған әңгіме емес. Мұны салық реформасы идеологтарының бірі, вице-премьер Жұманғариннің өзі мойындаған. Өткен айда ғана «өндірушілер мен саудагерлер келер жылғы НДС өсімін биылдың өзінде тауар бағасына қосып қойды» деген мәлімдемесін ұмыта қойған жоқпыз. Тоқаевтың кешегі тапсырмасынан кейін баға бұрынғы межесіне қайта ма? Жоқ, әрине. Біздің елде бір көтерілген бағаның қайтадан құлдырауы қиын», – дейді заңгер.
Екіншіден шағын бизнесті күтіп тұрған басты қауіп әлі толық сейілген жоқ.
«Қазірдің өзінде ірі компаниялар мен сауда желілері шағын серіктестерінен жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне өтуді талап етуде. Жеңілдетілген режимдегі серіктестерден алған тауар мен қызметтің шығынын олар есепке ала алмайды. Демек келесі жылдан бастап ірі бизнеске шағын кәсіпкермен жұмыс істеу тиімсіз болады», – дейді Ержан Есімханов.
Сарапшы Үкіметтің осы уақытқа дейінгі іс-әрекетін де сынға алып отыр. Айтуынша он ай бойы сарапшылар, кәсіпкерлер мен шенеуніктер алтын уақытты «жеңілдетілген режимге қай қызмет түрі енеді, қайсысы енбейді» деген өнімсіз дау-дамайға сарп еткен.
«Ақыр соңы тізім өзгеріссіз қалды. Былайша айтқанда қаншама адамның уақыты босқа кетті. Шенділер ештеңе жоғалтқан жоқ. Осы мақсатқа бөлінген ақшаны да далаға шаштық. Үкімет кәсіпкерлерден қосымша салық жинағанша, елден жиналған ақшаны ұқыпты жұмсауды үйренсін», – деп санайды заңгер.
Оның айтуынша, елімізде «хан жақсы, уәзір жаман» деген сценарийі тағы қайталанып отыр. Алдымен Үкімет шешім қабылдап, кейін оған Президент араласып, мәселе халықтың ұпайына шешілгендей көрінеді.
«Түптеп келгенде мұндай басқару стилі бізді орға жығады. Дәл осы сценарий бізде бұған дейін талай мәрте қайталанған. Билік бірдеңені қолға алса, әуел бастан дұрыс жасауы тиіс еді. Немесе мүлдем жасамағаны абзал», – дейді Есімханов.
Оның пікірінше, жыл басынан бері Бектенов үкіметі салық реформасын сынағанды «хайпожорға» теңеп, соңғы сәтке дейін олардың пікірін ескермей келген.
«Ақыры соң, әлгі «хайпожорлар» көтерген мәселе шындыққа айналып жатыр. Біз ұсынған аргументтер әлі де актуалды. Бектенов бірбеткей бола бермей, біздің сөзімізге құлақ асады деген үміттеміз. Қателікті қайта-қайта түзеп жүрген абырой әпермейді. Қайта жамалған дүниенің берекесі болған емес», – деп түйіндеді сөзін сарапшы.