Тараз қаласында коммуналдық сала қызметкерлері наразылық акциясына шықты. Қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген «Жасыл ел – Тараз» кәсіпорнының жұмысшылары мен Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы уақытша еңбекке тартылған тұрғындар жалақының төмендігін және зейнетақы мен әлеуметтік аударымдардың жүйесіз төленіп отырғанын айтып шағымданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Күн сайын қаланың қоқысын шығарып, жол жиегін тазалайтын адамдардың еңбегі еленбейтіне олар қатты наразы. Қолына сыпырғыш пен күрек ұстаған қарапайым еңбеккерлердің арқасында шаһардың көшесі таза, бірақ олардың өз қалтасы жұқа.
Жұмысшылардың сөзінше, айына 80-85 мың теңге алып, соның өзін тиісті мекемелер сағазша созып береді екен. Кейбірі зейнетақы жарнасы не міндетті медициналық сақтандыру аударымы уақытында аудармайтыны еңбеккерлердің жүйкесіне тиген. Ал бұл олардың болашағына тікелей әсер ететін мәселе.
Қарапайым еңбек адамы үшін еңбек ақы өмірдің басты тірегі, ал аударымдардың болмауы сенімнің үзілуі.
Наразылықтың ушығуын байқаған қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков жұмысшылар алдына шығып, халықпен тілдескен.
Ол жалақы мәселесі облыс әкімдігімен келісіліп, келесі жылдан бастап штаттық қызметкерлердің еңбекақысы 20 пайызға өсетінін айтты. Сонымен бірге қоғамдық жұмыстар арқылы еңбек етіп жүрген азаматтардың да жалақысы көбеймек. Қазір 80-85 мың теңге алатын жұмысшыларға барлық салық пен қор аударымдарын шегергеннен кейін 150 мың теңге көлемінде төлем жүргізіледі деп уәде берді.
Әкім орынбасары есеп-қисаптағы түсініспеушіліктердің анық-қанығын тексеруге сөз берді. Оның айтуынша, егер жалақы уақытында төленсе, міндетті қорларға аударым жасалмауы мүмкін емес. Дегенмен жұмысшылар айтқан мәселелердің туындауы жүйенің әлсіздігінен, бақылаудың төмендігінен хабар береді.
Тараздағы жағдай еліміздің көптеген өңірлеріне тән. Коммуналдық еңбек ең төменгі жалақы төлейтін саланың бірі болып отыр. Қала тазалығын ұстап тұрған адамдардың еңбегі қоғам назарынан тыс қалған.
Олар шаһардың айнасы болғанымен, әлеуметтік жағдайы ең әлсіз топтың қатарында. Қаланың дамуы еңбек адамының әл-ауқатына байланысты екенін ескерсек, мұндай жағдай ұзаққа бармайды. Жалақыны көтеру уақытша шара ғана, ал жүйелі шешім еңбекті бағалау мәдениетін қалыптастыру мен әлеуметтік қорғау жүйесін күшейту керек.
Қоғамдық жұмысқа тартылған адамдар көбіне ауылдан келген, отбасын асырауға тырысқан азаматтар. Олар таңертеңнен кешке дейін күннің астында жүрсе де, табысы ай сайынғы тұрмысына әрең жетеді.