Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлыққа қол қойып, ел дамуына елеулі үлес қосқан екі азаматты жоғары атақпен марапаттады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысының шешімімен өндірістік саладағы үздік еңбегі, агроөнеркәсіп кешені мен тау-кен өндірісін дамытушыларға марапаттар тапсырылды. Жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Сонымен қатар марапат иелеріне Алтын жұлдыз және «Отан» ордені табысталды.
Жоғары марапатқа Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің механизаторы Мұрат Қаражұманов ие болды. Ол ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, өндірістік тәжірибесімен және нәтижелі жұмысымен ерекшеленген.
Сондай-ақ Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің «Шахтинская» шахтасы учаскесінің бастығы Сергей Чернобай да осы атаққа лайық деп танылды. Ол тау-кен өндірісіндегі кәсіби біліктілігімен және саланың дамуына қосқан нақты үлесімен танылған маман.
Бұл марапаттар ел экономикасының негізгі салаларында адал еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген жоғары құрметтің айқын көрінісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







