Абай облысының шалғай ауылдарына медициналық қызмет жанданып, Бесқарағай ауданындағы Қоянбай, Қара-Мырза және Долон ауылдарында жаңа медициналық пункттердің ашылды. Денсаулық сақтау саласы сөзден гөрі іс талап ететін сала екенін бәріміз түсінеміз. Ауылда ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем көрсетудің өзі талай отбасының тағдырын жеңілдетері анық. Сол себепті мұндай нысандардың ашылуы аймақтың әлеуметтік саясатының ауылы алыстап тұрған жұртқа бет бұрғанын аңғартады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоянбай Ресеймен шекаралық аймақта орналасқан елді мекен. Мұнда төрт жүзге жуық тұрғын бар. Қара-Мырзада үш жүзден аса, Долонда үш жарым жүзге жуық адам өмір сүріп жатыр. Үш ауылдың да ортақ мәселесі медициналық көмектің қолжетімділігі еді. Енді сол олқылық орнын толтыруға бағытталған нақты қадам жасалды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында аудан бойынша он бір нысан салынғаны айтылады. Оның төртеуі дәрігерлік амбулатория, біреуі фельдшерлік-акушерлік пункт, алтысы медициналық пункт ретінде іске қосылған. Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілгенін көрсетеді.
Жаңадан ашылған пункттердің ішкі жабдықталуына мән берілгені қуантады. Физиотерапия бөлмесі, процедура кабинеті, медицина қызметкерлеріне арналған жағдай, тіпті дәріханалық пунктке дейін қарастырылған. Аппараттық жабдықталуы да заман талабына сай. Нейбулайзер, электрокардиограф, дефибриллятор, спирометр, магнитотерапияға арналған сенсорлы аппарат және тыныс жолдарын ультракүлгін сәулемен емдеуге арналған құрылғы бар. Мұндай заманауи құралдар қала ауруханалары үшін қалыпты дүние шығар, ал шалғай ауылдар үшін үлкен қолдау.
Ауылдағы медицина тек ем-дом көрсету емес, алдын алу шарасына да арқа сүйейді. Дәрігер күнде болмаса да, кәсіби медбике мен алғашқы көмек көрсетуге қауқарлы маманның болуы талай қауіпті ахуалдың алдын алатыны анық.

Бұрын тұрғындар қарапайым тексеруден өту үшін аудан орталығына сабылатын. Қыстың қақаған аязы мен көктемгі лайсаңында жол азабын тартқан талай оқиғаны ауыл адамдары жақсы біледі. Енді сол қиындық жеңілдеп, медициналық көмек ауылға келіп отыр.
Осындай нысанның ашылуы денсаулық сақтау сапасын арттыру арқылы ауылдағы тұрмыс деңгейін де өзгертуге мүмкіндік береді. Ауылда дәрігерлік көмек қолжетімді болған жерде жастар тұрақтайды, отбасыларға сенім ұялайды. Қарттарға да жан тыныштығы қажет. Қарапайым халық үшін ең құнды дүние – дер кезінде көрсетілген көмек. Осы тұрғыда қолға алынған жұмыстар елді мекендерге жан бітіруге ықпал етері сөзсіз.
Мемлекет деңгейінде қолға алынған бағдарламаның жергілікті жерде нақты іске айналуы көп жағдайда әкімдіктің жауапкершілігі мен бақылауына байланысты. Жаңа пункттерді ашып қою жеткіліксіз, олар толыққанды жұмыс істеуі үшін кадр, дәрі-дәрмек және профилактикалық қызмет тұрақты ұйымдастырылуы қажет. Ауыл медицинасы дамыса, халықтың орталыққа ағылып, қалаға көшіп кету үрдісі де бәсеңдер еді. Әсіресе шекаралық аймақтарда әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту ұлттық қауіпсіздікпен де астасып жатыр.
Бесқарағайдағы үш ауылда ашылған медициналық нысандар жергілікті жұрттың тынысын кеңейтіп, сенімін арттырған жаңалық болды. Денсаулық әр отбасының тірегі. Сол себепті әр ауылға көрсетілген қамқорлық өңірдің әлеуметтік саясатындағы маңызды бетбұрыс екенін аңғартады. Ең бастысы, нәтиже қағаз жүзінде емес, ауылдың күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет. Сол кезде ғана қолға алынған игі бастаманың шынайы жемісі сезіледі.

