Қазақтың Мәжілісі ақыры әлемге танылды. Тек заң қабылдап емес, шахмат ойнап… Біздің депутаттар Ұлыбританияның Лордтар палатасымен онлайн форматта шахмат ойнап, жеңіске жетіпті. Оны Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза өзіне Фейсбуктағы парақшасында үлкен мақтанышпен жазды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шамасы, Ұлыбритания депутаттарының халық үшін заң шығарып, нақты реформалар талқылап шахмат ойынын жетік меңгеруге уақыттары болмаса керек. Біз білетін лордтар Үкіметтің айтқанына көне салып, заң шығарушы органның мінбесінен анасы құттықтап, желіге жазба қлдырып, лайк жинаумен әуестенбейді. Олар заң шығарушы органды саяси мінбер ретінде пайдаланғанды жөн санайды.
Сондықтан оларды бұл жеңіліске мұртыда қисаймаған анық. Есесіне біздің депутаттар мәз.
Біздің депутаттар Мәжілістің жайлы креслосында отырып шахмат ойнаудың шеберіне айналыпты. Бұған да шүкір.
Күні кеше ғана Мәжіліс төрінде Ардақ Назаров орнында отырып алыстағы анасын туған күнімен құттықтап, Параламентті «Сазды сәлем» бағдарламасына айналдырып жібергенін көзіміз көрді. Көпшілік сол сәтте депутаттың Парламенттің циркке айналдырғанына қатты налыды.
Ел ішінде азық-түлік бағасы өсіп, коммуналдық тарифтердің шарықтап, жастардың баспанаға қол жеткізе алмай жатқанда депутаттың жеке отбасылық эмоциясы мемлекеттік институттың беделінен жоғары қойғанын ешкім ақылға жеңдіре алмады.
Ағылшын лордтары нақыт іспен айналысып жатқанда, біздің кейбір депуаттар шахмат ойнап, жеңіске жеткендерін желіге бөлісіп мәз-майрам болуда.
Сөз жоқ, шахмат ақыл ойды дамытады. Бірақ депутаттың абырой-беделі оның шахмат тақтасындағы жүрісінен емес, шешімінен, ұстанымынан, қазақ тілінде дайындаған заңнан көрінуі керек қой. Қалай ойлайсыз?

