Түркияның ірі мұнай өңдеу зауыттары Ресейден келетін шикізатқа тәуелділікті азайтып, балама көздерден мұнай сатып ала бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Reuters-тің мәліметінше бұған дейін Түркия Ресей мұнайын ең көп тұтынатын елдердің қатарында Қытай мен Үндістанмен бірге алдыңғы орында тұрған еді.
Алайда Батыс елдерінің, атап айтқанда АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақтың Украинадағы соғысты қаржыландыруға жол бермеу үшін ресейлік мұнайға қарсы санкцияны күшейтуі Анкараны шикізат нарығындағы саясатын қайта қарауға мәжбүр етті.
Дереккөздердің айтуынша, Әзербайжанның SOCAR компаниясына тиесілі Түркиядағы ең ірі мұнай өңдеу зауыты SOCAR Turkey Aegean Refinery (STAR) соңғы уақытта Қазақстан, Ирак және басқа елдерден төрт партия мұнай сатып алған.
Reuters агенттігінің есебіне сәйкес, бұл күніне шамамен 77-129 мың баррель мұнай жеткізіледі деген сөз. Бұған дейін STAR зауыты Ресейден тәулігіне орта есеппен 210 мың баррель шикізат импорттап келген.
Дереккөздердің мәліметінше, аталған төрт партия мұнайдың бірі Қазақстанда өндірілетін KEBCO маркалы мұнай. Оның сапасы Ресейдің Urals маркасымен ұқсас.
Биыл STAR зауыты KEBCO маркалы қазақтың мұнайын осы кезге дейін бір-ақ рет импорттаған, ал 2024 жылы мүлдем сатып алмаған.
Түркиядағы тағы бір алып мұнай өңдеуші компания Tupras та Ресей шикізатынан біртіндеп бас тартуға көшіпті. Компания Ирак және басқа елдерден Urals маркасымен сапалас балама мұнай түрлерін сатып алуды ұлғайтқан.
Reuters агенттігінің дерегінше, Tupras компаниясы Еуроодақтың санкциясына байланысты бір зауытында ресейлік мұнай өңдеуді толық тоқтатуы мүмкін. Мұндағы мақсат Еуропа нарығына мұнай өнімдерін экспорттау мүмкіндігін сақтап қалу. Дегенмен, Tupras басқа бір зауытында ресейлік шикізатты өңдеуді жалғастыра бермек.
Биыл Tupras зауыты мұнай импортын диверсификациялау мақсатында Бразилиядан алғашқы партиясын сатып алған. Қараша айының басында Аңғоладан жеткізілетін Mostarda мұнайы Түркия портына жетуі тиіс.
Kpler мәліметі бойынша, қараша айында Түркия Ирактан тәулігіне 141 мың баррель мұнай алады. Бұл қазан айымен салыстырғанда (тәулігіне 99 мың баррель) әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Жалпы алғанда, биылғы жылдың қаңтар-қазан аралығында Түркия тәулігіне 669 мың баррель шикізат импорттаған. Оның ішінде ресейлік мұнайдың үлесі 317 мың баррель (47 пайыз). Ал былтыр дәл осы мерзімде Ресей мұнайының көлемі тәулігіне 333 мың баррель болған еді. Бұл Ресейдің Түркия нарығындағы үлесі азайып келе жатқанын аңғартады.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

