Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев Facebook парақшасында елдің даму жолына қатысты ой бөлісті. Ол өз жазбасында Қазақстанның эволюциялық жолмен дамып келе жатқанын атап өтті.
Депутаттың айтуынша, қазір әлем жасанды интеллект пен цифрлық төлем сияқты жаңа шындыққа көшкен кезеңде өмір сүріп отыр. Осындай жылдам өзгерістер дәуірінде, кейде тоқтап, артқа қарап, қандай жолдан өткенімізді және қай бағытта келе жатқанымызды түсіну маңызды екенін айтты.
– Мен кейде Үкімет мүшелерін сынаймын. Бірақ өсу – сынмен ғана емес, қоғамның еңбегімен келеді. Экономика өздігінен дамымайды, оны алға жылжытатын ауыл мен бизнес, өндіріс пен министрліктер. Соңғылары дұрыс «ойын ережесін» орната білсе, даму жалғасады, – дейді Болатбек Әлиев.
Оның сөзінше, еліміз революциялық емес, эволюциялық бағытта дамып келеді. Халық «экономика өсіп жатыр, бірақ сезінбейміз» десе де, шын мәнінде өсім біртіндеп, жүйелі түрде жүреді. Ол 90-жылдардағы тапшылық пен бартер кезеңін еске алып, сол уақыттағы ауыр жағдайдан бүгінгі цифрлық дәуірге дейінгі жолды салыстырды.
– 90-жылдары бос сөрелер, талонмен азық алу, сайғақ етін жеу – қалыпты жағдай еді. 2000-жылдары азық-түлік шықты, бірақ барлығы шетелден келетін. Ал бүгін әр үйде тұрмыстық техника, интернет, ыстық су, жарық бар. Бұл – елдің өмір сапасының артқанын көрсетеді, – деді депутат.
Ол сондай-ақ нақты мысалдар келтірді: соңғы бес жылда көлік иелері 270 мыңға артқан, үй иелері 1,1 миллион адамға көбейген, ішкі туризм екі еселенген. Энергия тұтыну да өскен – себебі халықтың өмір деңгейі жоғарылады.
– Қазір ауыл шаруашылығында бұрын бос жатқан жерлер өнім беріп тұр. Алма бақтары мен жаңа өндірістер ашылып жатыр. Бұл – тірі экономиканың белгісі. Елімізде тұрақтылық бар, ал тұрақтылық – дамудың кепілі. Біз қателіксіз өмір сүріп жатқан жоқпыз, бірақ алға жылжып келеміз, – деп түйіндеді Болатбек Әлиев.

